Жаңа теміржол вокзалы салынуы мүмкін
2009 жылы Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын жаңа шағын аудан құрылысының егжей-тегжейлі жоспары бекітілді. Ал, 2021 жылы алғаш рет түзетулер енгізу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, ауданға қоныстандыру бойынша жоспарланған адам саны артты. Бүгінде бұл көрсеткіш 11 200 адамды құрайды.
Жаңа Оңтүстік-Батыс ауданында да дамыған инфрақұрылым болуы тиіс. Шағын тұрғын үйлердің орнына көп қабатты үйлер, жаңа мектептер, балабақшалар, емханалар салу жоспарлануда. Қала құрылысы кеңесінің кеңейтілген отырысында жобалау жоспарына енгізілетін өзгерістер талқыланды.
— Жоспардағы аймақты қалалық маңызы бар қоғамдық аймаққа; қоғамдық маңызы бар объектілер тобына; автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциялары; өрт сөндіру депосы – төрт тұрғын үй тобына бөлу ұсынылды, — деді мердігер ұйымның өкілі Тимур Аужанов. — Алғашқы үш тұрғын үй тобының құрылымы бірдей. Үшеуі де аралас құрылыс түрі бойынша салынады. Олардың әрқайсысының орталық бөлігінде субұрқақ, шағын сәулет нысандары және жасыл кеңістіктері бар көп функциялы аумақты орналастыру қарастырылуда.
Сондай-ақ, көпқабатты үй, мектеп пен балабақшалардың санын арттыру жоспарлануда. Мұнда сауда, ойынсауық орталығы, базар, бизнес-орталық, байланыс бөлімшесі, емхана, спорттық сауықтыру және фитнесорталық салынады. Ал, тұрғын үй құрылысының сол жақ бөлігі 16 қабатты тұрғын үй кешені болады.
— Жобаның өзі іске асырылу сатысында тұр, — деді Тимур Аужанов.
— Жартылай игеру басталды. Нүктелік түзетулер бүкіл жобаның өзгеруіне әсер етпейді. Тұрғын үйлерде қабаттар санын 5-тен 9-12-ге дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар, таунхаустардың санын көбейту үшін коттедж құрылысынан бас тартамыз. Тұрғындар таунхаус салғысы келген шеткі аймақта үш, бес қабатты тұрғын үйлер салынады. Оған қоса, 900 орындық тағы бір қосымша мектеп салу қажет. №1 және №3 шартты шағын аудандарда 1800 орындық екі жалпы білім беру мекемесі салынады. Мектептердің біріне жобалықсметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, балабақшалардағы орын санын арттыру керек.
Оңтүстік-Батыс ауданды абаттандыруға да өзгерістер енеді. Келесі жылы қоғамдық көлікке арналған аялдама пункттері, бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері бар екі жол салу жоспарлануда. Екі жол да Майқұдық пен жаңа қаланы жалғайтын басты магистральға шығатын болады.
Жиында қаралған басты мәселе — №2 Теміржол вокзалы мен автовокзалдың құрылысы болды. Алайда, Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі, «Қазақстан ТеміржолыЖолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының басшылығымен әлі де келіссөздер жүргізілуде. Олардан жаңа стратегиялық объектіні салу мәселесі бойынша нақты жауап алынған жоқ. Десе де, аталған жобаға арналған жер телімі қарастырылған.
Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Әлішер Исин атап өткендей, тұрғын үй қорының құрылысы толығымен бюджет есебінен жүргізіледі. Алдағы уақытта пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарының кезекте тұрғандар арасында бөлінеді.
— Үйлердің құрылысына жобалықсметалық құжаттама әлі дайындалмаған, — деді Әлішер Исин. — Бюджеттік өтінім келесі жылы қаралады. Құрылыс кезінде сол аудандағы орман қоры зардап шекпейді. Бұл экологтармен пысықталуда. Кейін супермаркеттер салу үшін жер телімдері ойнатылатын аукцион өткізіледі. Мұнымен кәсіпкерлер айналысатын болады.
Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ,
QH