Жас қаламгерлердің жаңа толқыны

Қарағандыда жас қаламгерлердің алғашқы кітаптары жарық көрді. Облыстың мәдениет саласы үшін елеулі оқиға болған бұл бастама өңірде талантты жастардың шығармашылығына кеңінен жол ашып, әдеби ортаға жаңа тыныс әкелді. Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Жас қаламгер» жобасы аясында бірқатар жас автордың туындылары жеке кітап болып жарық көріп, көрерменге таныстырылды. Мұндай мүмкіндік – әдебиетке енді қадам басқан жас таланттардың шығармашылыққа деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың көркем ойлау жүйесінің қалыптасуына әсерін тигізер маңызды қадам болып отыр.

– «Жас қаламгер» жобасы аясында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Солардың сүбелісі – осы. Кітапқа ену, кітап шығару – тарих беттеріне таңбаланатын дүние. Абай «Өлең – сөздің патшасы», дейді. Ал ақын – соның иесі. Шабыттары сарқылмасын, шығармашылықтары өркендесін! – деді ҚР Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы.

Жоба шеңберінде жарық көрген еңбектердің ішіндегі ерекше назар аудартқаны – жас прозашы Бекзат Алтынбектің «Көкжиек» атты прозалық жинағы болды. Автор бұл кітапқа соңғы жылдары жазған шоқтығы биік әңгімелерін енгізген. «Көкжиек» – күнделікті тіршіліктің астарында жатқан күрделі құбылыстарды көркем тілмен жеткізетін, адамның ішкі дауысын, жүрек тербелісін, рухани ізденісін суреттейтін кітап. Жас жазушының туындыларында бүгінгі қоғам болмысы, қарбалас өмірдің шынайы көріністері нанымды бейнеленіп, оқырманды терең ойға жетелейді. Оның шығармашылығында психологизм де, философиялық сарын да, ұлттық дүниетанымға тән ұғымдар да ұтымды көрініс табады.

Поэзия жанырында жарық көрген ақын Таңсәуле Әгенқызының «Бозмұнар» атты жыр жинағы әдеби ортаға жаңа леп әкелді деуге болады. Оның өлеңдерінде нәзік сезім, табиғатпен сырласу, жан дүниенің тылсым қозғалыстары ерекше үйлесім тапқан. Туған жерге деген махаббат, балалық шаққа сағыныш, күнделікті өмірдегі қысқа сәттердің өзі терең лирикалық бейнеге айналып, оқырман жүрегіне жылы әсер етеді. Таңсәуле Әгенқызының жырларында өз замандасының жан айқайы да, үміті де, көңілдің ең кіршіксіз таза толғаныстары да анық сезіледі.

Жоба аясында жарық көрген тағы бір маңызды еңбек – «Жас толқын» атты антология. Бұл жинаққа он төрт жас ақынның өлеңдері енген. Олардың әрқайсысы өзіндік шығармашылық бағытымен, өлең жазудағы жаңа ізденістерімен ерекшеленеді. Бір ақын өмірдің мәнін философиялық тұрғыда жырласа, бірі махаббат тақырыбына қалам тербеп, сезімнің әсемдігін ашуға ұмтылады. Енді біреуі заман ағымына, қоғамдағы түрлі құбылыстарға жырмен үн қатқан. «Жас толқын» – өскелең буынның жан дүниесін, көкірек көзін, арман-мақсатын көрсететін жинақ. Әдебиетке жаңа келген жас ақындардың тұңғыш еңбектері бір кітапқа топтасып, оқырманға ұсынылуы – қазақ поэзиясының жаңа парағын ашатын қуанышты сәттердің бірі.

Жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдап, бағыт-бағдар беруді мақсат еткен тағы бір еңбек – «Сөз шеберлігіне бастар жол» атты әдістемелік құрал. Бұл кітап жас ақындар мен жазушылардың тіл байлығын арттырып, көркем ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. Кітапта көркем жазудың негізгі талаптары, сөздік қорыңды дамыту жолдары, образ жасаудың тәсілдері секілді практикалық маңызы жоғары кеңестер жазылған. Мұндай еңбектің жарық көруі – болашақ қаламгерлерге көрсетілген зор қолдау.

Кітаптардың тұсаукесері Қарағанды қаласында салтанатты түрде өтті. Әдебиет және мәдениет саласының белгілі өкілдері, зиялы қауым, жастар және БАҚ өкілдері қатысқан шара рухани әсерге толы болды. Ардагер журналист Әли Тойжігіт, Әлімжан Жақан және мәдениет қайраткері Жаролла Ақышев сияқты тұлғалар жас авторлардың туындыларына жоғары бағалап, олардың шығармашылық жолына ақ баталарын берді. Қонақтар әдебиетті дамытуда жастардың рөлі зор екенін, оларды үнемі қолдап отыру қажет екенін атап өтті.

«Жас қаламгер» жобасы арқылы жарық көрген алғашқы кітаптар өңірдегі әдеби орта қалыптасып, жаңаша бағыт алып келе жатқанын дәлелдейді. Қазақ әдебиетіне жаңа есімдердің келуі – рухани кеңістігіміздің байып, жаңғырып жатқанын көрсететін қуанышты құбылыс.

Жас қаламгерлердің алғашқы кітаптарының шығуы – олардың болашақтағы үлкен шығармашылық жетістіктерінің бастауы. Бұл жоба – әдебиетті сүйетін, сөз өнерін қадірлейтін жас буынның алға нық қадам басуына жол ашқан игілікті бастама ретінде жұртшылықтың жоғары бағасына ие болды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»