Қарағандыдағы жарық мәселесі

Қарағанды қаласының тұрғындары соңғы уақытта түрлі аумақтағы көше жарығының жоқтығына жиі шағымдануда. Қыс мезгілінде күннің ерте батуымен және қою тұмандардың түсуімен бұл мәселе одан әрі ушығып, тұрғындардың қауіпсіздігіне де әсер етуде. Әлеуметтік желілерде көтерілген шағымдардан кейін Қазыбек би ауданы әкімдігінде көше жарығымен айналысатын мердігер компаниялар жиналып, мәселе жан-жақты талқыланды.

Тұрғындар тарапынан түскен арыздар бойынша кей көшеде жарық мүлде жанбайтыны немесе ұзақ уақыт бойы істен шығатыны анықталған. Бұған қоса, мердігер ұйымдар тарапынан әкімдікке уақытылы кері байланыс болмауы жағдайды одан сайын қиындатқан. Жиын барысында мердігерлердің жұмысы қатаң сынға алынды.

Аудан әкімі Ералы Оспанов компаниялардың немқұрайлы әрекетін сынға алып, жағдай өзгермесе келісімшарттардың бұзылатынын ескертті. Ол қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы бірінші орында тұруы керектігін айтып, әсіресе көпқабатты үйлердің кіреберістері мен балалар мекемелеріне апаратын жолдардағы жарық мәселесіне баса мән беру қажеттігін тапсырды.

Әкімдік мәліметінше, Қазыбек би ауданына қызмет көрсететін тек бір ғана мердігер бар: екі ауысымда жұмыс істейтін 15 электрик және бар-жоғы 3 арнайы көтергіш техника. Қала көлеміне шаққанда бұл ресурстар жеткіліксіз екені айтылды.

– Біз сіздерге ақша төлейміз, сондықтан жұмысты орындауға міндеттісіздер. Сіздер осы қалада тұрасыздар, жүресіздер, жарықсыз жерлерді өздеріңіз де көресіздер. Біз нұсқау бермесек, әлеуметтік желілерде жарияланбаса, ештеңе істемейсіздер. Бұдан әрі ескертіп, өтінбеймін. Немесе мен төлеймін – сіздер жұмыс істейсіздер, немесе қош айтысамыз, – деп қатаң талап қойды аудан әкімі.

Қарағандылықтар мәселенің тез арада шешілетінін күтеді. Әзірге тұрғындардың сенімі төмен болғанымен, әкімдіктің бұл жолғы қатаң қадағалауы мен талаптары жағдайдың оңалуына түрткі боларына үміт бар.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»