20 жылдық қызмет пен сенім
Қарағанды облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жүйесінің 20 жылдығы атап өтілді. Мерейтойлық шараға облыстың барлық орталықтары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ардагерлер және саланың мамандары қатысты. 2006 жылы Қарағандыда алғаш рет үш орталық ашылған кезде халыққа небәрі 25 қызмет түрі ұсынылса, бүгінде олардың саны 1 300-ден асады. Бұл көрсеткіш ХҚКО-ның тек аймақта емес, республика көлемінде де қаншалықты маңызды рөл атқарып отырғанын айқын көрсетеді.
Мерекелік шара барысында аймақтың ең белсенді қызметкерлері марапатталды. Оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Ардагерлер өз кезегінде алғашқы жылдары жүйені дамыту үшін жасалған еңбектерді еске алды.
– 20 жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткендей. 2006 жылы бізде небәрі 26 қызмет көрсетілетін. Сол кезде реестрде 131 қызмет болса, оның тек 8 %-ын ХҚКО жүзеге асыратын. Ал бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80 %-ын біздің орталықтар көрсетеді, – деді ардагер маман Сәуле Базарова.
Мерейтой барысында цифрлық технологиялардың енгізілуіне де ерекше назар аударылды. Электронды брондау, жеке менеджер қызметі сияқты заманауи сервистер азаматтарға қызмет көрсетуді жеңілдетіп, қолжетімді етеді. Пандемия кезінде ХҚКО мамандары алдыңғы шепте жұмыс істеп, азаматтардың қажеттілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Бұл жүйенің ашықтығы мен тиімділігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстардың айқын көрінісі болды.
Азаматтарға арналған үкіметтің Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Тлеубай Құсайынов өз сөзінде орталықтардың алдағы даму жолына тоқталып, қызмет сапасын арттыру, цифрландыру және жаңа сервистерді енгізу болашақтағы басты міндеттер болып қала беретінін айтты. Бұл жоспарлар халыққа қызмет көрсетуді барынша ыңғайлы, жылдам әрі сапалы етуге бағытталған.
ХҚКО жүйесінің 20 жылдық мерейтойы тек өткен жолды еске алу ғана емес, сонымен бірге болашаққа бағытталған жаңғырту кезеңінің белгісі. Азаматтар үшін қызмет көрсету тиімділігін арттыру, цифрлық сервистерді кеңейту, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету – алдағы міндеттердің басты бағыты болып отыр. Қарағандыдағы орталықтар өз қызметін заманауи талаптарға сай дамыту арқылы әрбір азаматқа сапалы қызмет көрсетуді жалғастыруға ниетті.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

