Қарағандыда 30 жыл бойы ереже бұзбаған жүргізуші марапатталды

Қарағанды облысында жол қозғалысы мәдениетін арттыру мақсатындағы «Үлгілі жүргізуші» акциясы жалғасып жатыр. Патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін қатаң сақтап жүрген көлік иелерін арнайы тоқтатып, оларға алғыс білдіруде.

Осындай азаматтардың бірі – 30 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші Светлана Швачкина. Ол үш онжылдықтан бері бірде-бір рет жол қозғалысы ережесін бұзбаған әрі жол-көлік оқиғасына қатыспаған.

«Көлік жүргізіп келе жатқаныма 30 жылдай болды. Осы уақыт ішінде ешқашан ереже бұзған емеспін. Бүгінде қаладағы №95 мектеп-гимназиясында балаларға жолдағы жүріс-тұрыс мәдениетін үйретіп жүрмін. «Сирена» жас инспекторлар үйірмесін басқарамын. Жол қауіпсіздігін мектеп қабырғасынан бастау өте маңызды», – деді Светлана Швачкина.

Полиция мәліметінше, акция шеңберінде облыс орталығында 100-ге жуық жүргізушіге осындай құрмет көрсетілген. «Шара «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы аясында өтуде. Мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында ережені сақтау мәдениетін нығайту», – дейді Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Татьяна Малиновская.

Акция барысында Светлана Швачкина барлық жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырды: «Ереже сақтаңыздар, жылдамдықты асырмаңыздар, қарсы бағытқа шықпаңыздар», – деді ол.

Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметінің ақпараты негізінде