Жас ғалымдар алаңы

Астанада өткен XVIII Президенттік жаратылыстану-математикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде қарағандылық оқушылар бір алтын және екі қола медаль иеленді. Елдің әр өңірінен 200-ден астам мектеп оқушысы қатысқан білім сайысы өз мәресіне жетті. Олимпиадаға тек 11-12 сынып оқушылары қатыса алады, және бұл сынаққа бұрын республикалық пәндік жарыстарға қатыспаған жас дарындар шақырылған.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Даниал Орысхан олимпиадада алтын медаль алды. Математика мен шахматқа қызығатын Даниал сынақтың күрделілігіне қарамастан тамаша нәтиже көрсетті.

– Олимпиада тапсырмалары мұқият дайындықты талап етті, бірақ мектеп бағдарламасынан алыс емес еді. Тапсырманы қарап, өз жұмысымды сараласам, көрсеткішімді одан да жақсарта алатынымды түсіндім. Қазір мен халықаралық емтихандар мен алдағы олимпиадаларға дайындалудамын. Болашақта әлемнің үздік университеттерінде білім алып, кейін Қазақстанға оралып, ел дамуына үлес қоссам деймін, – дейді Даниал Орысхан.

Қарағанды қаласындағы №2 лицейдің оқушысы Альбина Гердт және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Камила Насырова қола медальға ие болды.

Камила биология мен математика пәндеріне ерекше қызығушылығы бар және болашағын Назарбаев Университетімен байланыстыруды жоспарлап отыр.

– Олимпиадада аса қиын тапсырмалар болмады. Биология біршама жеңілдеу, ал физика қиындау болды. Дегенмен өз өнеріме көңілім толады, – дейді Камила Насырова.

Президенттік олимпиаданың басты мақсаты – жаратылыстану-математикалық ғылымдарға қызығушылықты арттыру, дарынды оқушыларды анықтау, олардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу және жеке даму мүмкіндігін кеңейту.

– Олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар мен жетекшілер үшін барлық жағдай жасалды. Балалар өздерінің білімдері мен мүмкіндіктерін толық көрсете алды, – дейді «Сарыарқа дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының «Зияткерлік сайыстар және тұлғаның шығармашылық дамуы» зертханасының меңгерушісі Меруерт Омарова.

Осылайша, қарағандылық оқушылар өз білімдері мен талантының арқасында республикалық деңгейде танылып, ел мақтанышына айналды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»