Compagnia Artemis Danza: Пуччини шығармаларына жаңа көзқарас
Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында Compagnia Artemis Danza труппасы мен режиссер Моника Казадейдің «Опера Пуччини. Әйел дауыстары» атты заманауи спектаклі көпшілік назарына ұсынылды. Көрермендер әйгілі композитор Пуччини шығармаларының жаңа қырын ашқан бұл қойылымнан ерекше әсер алды.
Қойылымда Пуччини операларындағы «Тоска», «Мадам Баттерфляй», «Мими» және «Турандот» сияқты нәзік әрі тағдырлы әйел бейнелері би мен қозғалыс тілі арқылы жаңа қырынан көрінді.
– Біз әлемнің көптеген елін араладық, бірақ Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Сол себепті бұл спектакль үшін Қазақстанды таңдауымыз кездейсоқ емес – мұнда біз жаңа көрерменмен танысып, шығармашылығымызды бөлісуге келдік. Бүгін көрермен Вердидің операсынан үзінділер мен оның әйел кейіпкерлерінің тарихын тамашалайды. Бұл – олардың жан дүниесіне үңіліп, эмоция арқылы рухани сапар жасауға ұқсайды. Әрине, біз толық операны көрсете алмаймыз, бірақ негізгі оқиғаны – батыл әйелдердің сезімі мен күйін би арқылы жеткізуге тырысамыз, – деді Compagnia Artemis Danza режиссері Моника Казадей.
Өнерпаздар қойылымнан алған әсерлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, бұл жоба әйелдің ішкі жан дүниесін, оның күрделі табиғатын би арқылы көрсетуге мүмкіндік берген ерекше тәжірибе болды. Спектакльге дайындық екі ай бойы жүргізіліп, әр қимыл мен сахналық сәт мұқият ойластырылған.
– Мен бұл труппамен бірге әлемнің түкпір-түкпірін араладым, ал қазір алғаш рет Қарағандыдамын. Өте толқып тұрмын. Бұл мен үшін ерекше әрі маңызды сәт. Біз өз мәдениетіміз бен биімізді алып келіп, оны өзге мәдениет өкілдеріне көрсетуге қуаныштымыз, – дейді Artemis Danza ұжымының өнерпазы Маттиа Молини.
Италиялық опера мен заманауи хореографияның үйлескен кеші Қарағандылық көрермендер үшін нағыз өнер мерекесіне айналды. Келушілердің айтуынша, әр қимыл, әр көзқарас әйел жанының тереңдігін, махаббат пен үмітті, сағыныш пен қайғыны тереңінен сездіруге мүмкіндік берді.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

