Қарағандыда апат жиі болатын жеті жол учаскесі анықталды

Қарағанды облысында жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар кешенді тексеруден өтті. Тексеруді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров «Қазавтожол» мамандарымен бірлесіп жүргізді. Мақсат – жолдардың техникалық талаптарға сәйкестігін бақылау, қыс маусымына дайындықты пысықтау, қардан тазалау жұмыстарын бағалау және қолайсыз ауа райында жолдардың дер кезінде жабылуын қамтамасыз ету.

Талдау нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың жеті қауіпті учаскесінде жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетіні анықталды. Осыған орай полиция және жол қызметі мамандары аталған аймақтарда заманауи технологияларды қолдана отырып, арнайы ескерту белгілерін орнатуды бастады.

– Бүгін жолға жауапты мамандармен бірге апат жиі болатын учаскелерді тексеріп, қосымша ескерту белгілерін орналастыруды қолға алдық. Республика бойынша алғаш рет Қарағанды облысында жол жиегіне қызыл жолақ белгісін салдық. Бұл белгі Қарағанды–Қарқаралы трассасында пайда болды. Дәл осы жерде жақында екі көлік соқтығысып, бес адам қаза тапқан еді. Қызыл жолақ жүргізушінің назарын түнде де, қар астында да жақсы тартады. Орнатылғаннан бері бұл жерде бірде-бір ЖКО тіркелген жоқ, – деді Жасқайрат Қайыров.

Ол қыс мезгілінде жол қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін атап өтті. Қолайсыз ауа райында жолдың уақытылы жабылуы – жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігі.

– Осы мақсатта республикалық трассаларға ірі ақпараттық экрандар орнаттық. Онда облыстың әрбір бөлігіндегі ауа райы туралы нақты мәлімет көрсетіліп тұрады. Мысалы, Теміртауда жол жабылса, Балқашта қозғалысты шектеу қажеттігі туындауы мүмкін. Сол себепті жүргізушілерге түсінбеушілік болмас үшін барлық ақпарат экраннан көрінеді. Сонымен қатар біздің ұсынысымызбен республикалық жолдарға электронды жылдамдық белгілері енгізілді. Ауа райы нашарлаған кезде шекті жылдамдық автоматты түрде 140 км/сағ-ын 80–60 км/сағ-қа дейін төмендетеді, – деді ол.

Жол мамандарының айтуынша, мұндай кешенді тексерулер мен алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің ақпараты негізінде