Қарағандыда балет кеші өтті
Қарағанды қаласында еліміздің таңдаулы балет жұлдыздары қатысқан Гранд Гала Балет кеші өтті. Кеншілер шаһарында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл шарада классикалық және заманауи балет бағыттары тоғысып, көрерменге ерекше эстетикалық әсер сыйлады.
Шара басталмай тұрып, қонақтар фойеде ұлттық нақыштағы әшекейлер жәрмеңкесін тамашалады. Демеушілер ұсынған қолөнер бұйымдары кеш қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Ал залда камералық ансамбльдің әуезді әуендері мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кештің негізгі бөлігі әлемге әйгілі балет қойылымдарының үзінділерімен өрілді. Ерекше атап өтерлігі – дәстүрлі балетпен қатар заманауи би элементтері де үйлесім тапқан. Бұл – ұжымның Қазақстандағы гастрольдік сапарының алғашқы қадамы, олар өз өнер сапарын Қарағанды қаласынан бастады.
– Біз үшін бұл шараны Қарағандыда және жалпы өңірлерде өткізу – үлкен құрмет. Өйткені мәдениет пен өнер тек елордаларда немесе аса ірі қалаларда ғана шоғырланбауы керек, олар өңірлерде де қарқынды дамуы қажет деп есептеймін. Бүгінгі кешке жиналған қонақтардың көптігі мен залдың лық толуы — көрермендердің өнерге, эстетикаға, балет өнеріне деген қызығушылығының жоғары екенінің айқын дәлелі, – деді шараны ұйымдастырушы Сания Асқарова.
Шараны еліміздегі жас өнерпаздарды біріктіретін «Art International» шығармашылық тобы ұйымдастырды. Астана Опера мен Астана Балет театрларының талантты жас әртістерінен құралған бұл ұжым бастапқыда небәрі бес жігіттің бастамасымен құрылған. Олардың басты мақсаты – классикалық өнерді заманауи форматта ұсынып, оны жастарға барынша жақын әрі түсінікті ету.
– Шараға Астана Балет пен Астана Опера әртістерімен қатар, «Самұрық» заманауи театрының да өкілдері қатысып отыр. Бұл театрдағы заманауи хореографияның қарқынды дамуы ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар жуырда ғана Астанада өткен «Шапан қозғалысы» жобасында да өнер көрсетіп, сол кезде біз оларға жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен едік. Сол көріністен кейін олардың өнері мені тәнті етті, сондықтан осы балет жобасына да шақырып, көрерменге бірлесе ұсынуды жөн көрдік, – дейді «ART INTERNATIONAL» жобасының жетекшісі Жәнібек Ахмедиев.
Екі жылдың ішінде ұжым төрт концерт өткізіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Қазіргі таңда олардың қоржынында екі ірі жоба бар. Болашақта топ қазақ балет өнерін халықаралық деңгейде танытуды мақсат етеді. Осы бағытта олар қабілеті жоғары жас хореографтарды өз қатарына қосып, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

