Ұлттық валюта күні: теңгемізге – 32 жыл

15 қараша – ұлттық валютамыздың айналымға енген күніне 32 жыл толып отыр. Бұл мереке тәуелсіз Қазақстан үшін ерекше маңызға ие, өйткені теңгенің енгізілуі экономикалық дербестікті нығайтып, елдің қаржылық тарихында жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.

15 қараша – Ұлттық валюта күні. 1993 жылы дәл осы күні еліміздің төл теңгесі айналымға енгізілді. Бұл қадам Қазақстанның қаржылық тәуелсіздігі мен экономикалық дербестігінің символына айналды. Бүгінде теңге тұрақтылық пен ұлттық бірегейліктің басты нышаны болып саналады. Қазақстан Ұлттық банкі 1992 жылдың 27 тамызында ұлы тұлғалар бейнеленген теңге купюрасының үлгісін бекіткен, ал қазақ валютасының дизайнын Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов және Қайролла Ғабжәлелов жасаған. Теңге алғаш рет Ұлыбританияда басылып шықты, ал 1993 жылы 12 қарашада Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

– Теңгенің енгізілуі – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің бастауы болып табылатын маңызды кезең. Бұл тек жаңа банкнотқа көшу ғана емес, өзімізге деген сенімді, ұлттық қаржы жүйесін құруды және болашаққа нық сеніммен қарауды білдіреді, – деді «Alatau City Bank» АҚ Қарағанды филиалының ірі бизнес директоры Әйгерім Бексеитова.

32 жыл ішінде теңге дизайны бірнеше өзгерістерге ұшырады. Алғашқы қағаз ақшаларда Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Әл-Фараби сияқты тарихи тұлғалар және еліміздің көрікті жерлері бейнеленді. Сол арқылы теңге нағыз өнер туындысына айналып, көптеген халықаралық марапаттарға ие болды.

– Банк жүйесі бұрынғыдан әлдеқайда технологиялық және халыққа жақын болды. Егер бұрын банктерде ұзын-сонар кезектер мен көп құжаттар қажет болса, қазір бәрі мобильдік, жылдам және сапалы сервис арқылы жүзеге асады. Бұл бизнестің де, халықтың да өмірін жеңілдетіп, қызметтерді ашық, түсінікті әрі ыңғайлы етті, – дейді Әйгерім Бексеитова.

Тәуелсіз елдің төл теңгесі жастар үшін де үлкен мақтаныш саналады. Еліміздің қаржы жүйесін зерттейтін студенттер ұлттық валютаның әрбір өзгерісі еліміздің дамуындағы жаңа кезең екенін атап көрсетеді.

– Тәуелсіз елдің төл теңгесі біз, жастар үшін, ерекше мақтаныш. Ұлттық валютаның тарихын зерттеген сайын, әрбір өзгеріс пен жаңарту еліміздің дамуындағы жаңа кезең екенін түсінеміз. Бұл біздің қаржы саласына деген қызығушылығымызды арттырып, болашақ мамандығымызға деген сенімді күшейтеді, – деп атап өтті Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қаржы кафедрасының студенті Нұрсая Тілеуова.

            Ұлттық валюта еліміздің экономикасының іргетасын нығайтуға елеулі ықпал етті. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, теңге ТМД елдерінің тұрақты валюталарының бірі болып саналады.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»