Салық Зиманов атындағы кабинет
Қарағандыдағы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу Университетінің заң факультетінде ерекше маңызы бар шара өтті. Қазақ құқық ғылымының көрнекті өкілі, ғалым әрі мемлекет қайраткері Салық Зимановтың есімімен аталған аудитория салтанатты түрде ашылды. Бұл оқиға университет пен заң саласы үшін үлкен тарихи сәт.
Жиын № 1 дәрісханада өтті. Оған оқу орнының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы, оқытушылар, студенттер және академик Салық Зимановтың отбасы мүшелері қатысты. Ректор өз сөзінде Зимановтың ел тарихындағы рөлі мен құқық ғылымына қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
Ашылу рәсімі аясында «Салық Зиманов – тұлға, ғалым, мемлекет қайраткері» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ғалымның құқықтық ой-пікірін дамытуға, конституциялық реформаларға қосқан ғылыми үлесі кеңінен талқыланды.
Заң ғылымдарының кандидаты Мұхтар Зиманов, профессор Бақытжан Жарылқасынұлы және профессор Найля Әмитова су жаңа аудиторияның ашылуында лентасын қиды.
Жаңадан ашылған кабинетте Салық Зимановтың сирек кітаптары, ғылыми еңбектері, жеке құжаттары мен тарихи фотосуреттері қойылған арнайы көрме бұрышы жасалған. Бұл заң факультетінің студенттері мен жас ғалымдары үшін рухани әрі танымдық орталық болмақ.
Академиктің ұлы Мұхтар Зиманов сөз сөйлеп, әкесіне деген үлкен ықыласын білдірді:
– «Естеліктерім қайта жаңғырып, әкем жанымда тұрғандай болды. Бұл аудиториядан ерекше жылулық сездім, – деді ол.
Сонымен бірге, Зимановтың келіні Жанат Зиманова оның ел мүддесін қорғаудағы қайсарлығын атап, ғалымның үлгі-қасиеті бүгінгі жас заңгерлер үшін үлкен шабыт екенін жеткізді.
Шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы Салахиден Сәбикенов пен заң ғылымдарының докторы, профессор Майдан Сүлейменов те онлайн форматта қатысты. Олар Зимановтың ғылым мен мемлекетті дамытудағы рөлін жоғары бағалап, оның мұрасының жас буынға бағыт-нұсқа екеніне тоқталды.
Жиын барысында ғалымның түпнұсқа суреттері мен кітаптары университетке сыйға тартылды. Қатысушылар Салық Зимановтың есімін университет қабырғасындағы кабинеттің атауында жаңғырту арқылы студенттерге үлгі, құқық саласында тарихи сабақтастықты сақтаудың маңызды екенін атап өтті.
Енді бұл жаңа кабинет студенттер мен жас зерттеушілер үшін тек ғылыми жұмыс жүргізетін орын ғана емес, сондай-ақ рухани мәні бар, Зимановтың өмірі мен ғылыми ойларын терең түсінетін символдық алаңға айналмақ.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

