Қарағанды өндірісі ғылыммен ұштасып, жаңа технологиялық кезеңге қадам басты
Қарағанды облысында ғылыми зерттеулер мен өндірістік сектордың өзара ықпалдастығы күшейе түсуде. Өңір кәсіпорындары жаңа технологияларды енгізуге ден қойып, инновациялық өнімдер үлесін арттыруда. Аймақта жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар мен ғылыми әзірлемелер өндірістің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп келеді.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қарағанды облысында экспортталатын инновациялық өнім көлемі еліміз бойынша есептелетін жалпы көрсеткіштің 25%-ын құрап отыр. Өңірде коммерцияландыру орталықтары, бизнес-инкубаторлар жұмыс істейді. Жергілікті кәсіпорындар университеттер мен ғылыми институттардың әзірлемелерін тәжірибеге енгізуге қолдау алады. Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпкерлерге гранттар, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер ұсынылып, өнімді сертификаттау және халықаралық көрмелерге қатысу шығындары өтеледі.
Ғылым мен өндірістің байланысын одан әрі нығайту мақсатында облыста арнайы ғылым және технологиялар кеңесі құрылып, «Картех» өңірлік технологиялық хабы жұмысын бастады. Қазан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл орталық жас зерттеушілерге лабораториялық жабдықтар мен инженерлік ресурстарды қолжетімді етеді.
«Хаб жас ғалымдар мен стартап иелерін біріктіріп, оларды технологиялық жобаларға тартуға мүмкіндік береді. Тау-кен ісі, көмірхимия, экология бағыттарында жаңа лаборатория жабдықталып жатыр. Сарапшылармен тұрақты кездесулер өткізіледі», – деді Әлібек Молдакәрімов.
Биыл өңір кәсіпорындарымен бірлескен салалық хакатондар ұйымдастыру жоспарланған. Олардың нәтижесінде өндірісте жаңа технологиялық шешімдер енгізіліп, кәсіпорындардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі артады деп күтіліп отыр.
Экономикалық белсенділік те өсім көрсетуде. Он ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 4%-ға артқан. Облыстағы 120 инвестициялық жобаның жүзеге асуы шамамен 20 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Инвестициялық ағымды қолдау үшін «Сарыарқа» еркін экономикалық аймағы, Saran индустриалды аймағы және үш шағын өнеркәсіптік аймақ дамытылып жатыр. 2030 жылға дейінгі перспективалық жобалар қатарында жүк көліктері, клинкер плиткасы және жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі бар.
Инвесторлармен жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл жобаға қажетті барлық қызмет түрін жедел және тиімді түрде қамтамасыз етуге жол ашады. Мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда: биыл Біртұтас бағдарлама аясында 91 жоба қаржыландырылып, 96 жоба «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар 73 жобаға Кепілдік қоры қолдау көрсеткен. Нәтижесінде өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 102 мыңға жетіп отыр.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

