Қарағандыда статистика саласының 105 жылдығы атап өтілді
Қарағандыда мемлекеттік статистика саласының 105 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Басқосуға саланың ардагерлері мен қазіргі қызметкерлер қатысып, саланың дамуына үлес қосқан үздік мамандар мерейтой қарсаңында арнайы марапаттарға ие болды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда үш рет халық санағы және екі рет ауыл шаруашылығы санағы өткізілді. Биылғы мал санағы саланың тарихындағы маңызды науқандардың бірі болып саналады. Іс-шара барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев статистика саласының қызметкерлеріне кәсіби адалдығы мен жауапкершілігі үшін алғысын білдірді.
– Қазіргі әлемді статистикалық деректерсіз бағалау мүмкін емес. Статистика жүздеген, мыңдаған көрсеткіштерді біріктіріп, экономиканың, жұмыспен қамтудың, халықтың тұрмыс деңгейі мен демографиялық ахуалдың нақты көрінісін береді. Мұндай мәліметтер мемлекетке маңызды процестерді түсінуге және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік туғызады, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Жиында статистика саласының ардагерлері де құрметке ие болды. Солардың қатарында шамамен 20 жыл бойы облыстық статистика басқармасын басқарған Людмила Колесова да бар.
– Статистика әрқашан маңызды ғылым болып қала береді. Әрбір көрсеткіштің артында еңбек, дәлдік және үлкен жауапкершілік жатыр. Статистикалық деректерсіз халықтың өміріне тікелей әсер ететін шешімдер қабылдау мүмкін емес, – дейді сала ардагері Людмила Колесова.
Мерекелік кездесу соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

