Қарағандыда балаларға арналған медиа мектеп ашылды
Қарағандыда балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, медиа саласына қызығушылығын арттыруға бағытталған IJ Media School өз жұмысын бастады. Енді жас қатысушылар шешендік өнерді, мобилографияны және подкаст жазу дағдыларын кәсіби деңгейде меңгеру мүмкіндігіне ие болды.
IJ Media School – 6 мен 16 жас аралығындағы оқушыларға арналған жаңа медиа бағыттағы оқу орны. Мұнда сабақтар тек мемлекеттік тілде өтеді, ал бағдарлама аясында балалар сөйлеу мәдениетін жетілдіріп, журналистика мен жаңа медиа саласының негізгі қыр-сырын үйренуге мүмкіндік алады.
– Балалар санасын пайдасыз ақпаратпен толтырмай, бос уақыттарын тиімді өткізуге, шешендік өнер мен кітапқа деген қызығушылықтарын арттыруға ерекше мән бердік. Кітап оқитын бала ой-өрісін кеңейтеді. Біз үшін сабақтардың тек мемлекеттік тілде өтуі басты ерекшелік болып табылады. Мұнда балалар еркін сөйлеп, сұқбат алу дағдыларын үйренеді. Ең басты мақсатымыз – саналы және сауатты ұрпақ тәрбиелеу, – дейді IJ Media School мектебінің негізін қалаушы Индира Жанұзаққызы.
Жаңа оқу орнында алғашқы кезеңде 50 баланы оқыту жоспарланып отыр. Бұл мүмкіндік мектеп оқушыларына өз қабілеттерін дамытуға және болашақ мамандығын ерте таңдауға көмектеседі.
– Менің балам 2-сыныпта оқиды. Мұндай мектептердің ашылуы уақыт талабы болып отыр, өйткені олар балаларға сөйлеу мәдениетін дамытуға, ақпараттық технологияларды дұрыс пайдалануды үйретуге және сабақ үлгерімін жақсартуға мүмкіндік береді. Баламның қызығушылығы жоғары болғандықтан, осындай бағытта білім алуын қолдаймын, – дейді ата-ана Арай Бейсембаева.
Мектеп ұйымдастырушылары алдағы уақытта курс санын көбейтіп, жаңа медиа бағыттарын енгізуді жоспарлап отыр. Жоба балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, заманауи медиа кеңістігінде еркін және тиімді жұмыс істеуге бейімдеуге бағытталған.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

