Қала дамуының негізгі бағыттары айқындалды
Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында алдағы үш жылға арналған қалалық бюджет жобасы қаралды. Талқылау барысында тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым, спорт нысандарын дамыту және басқа да маңызды бағыттарға басымдық берілетіні айтылды.
Келесі жылдың қаржыландыру бағыттары талқыланған жиында бөлім басшылары өздерінің бюджеттік бағдарламалары бойынша есеп берді. Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі тоғыз бағдарлама аясында жұмыс істеп, жалпы 13 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Биылғы назар спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға, оның ішінде «Шахтер» стадионын қайта жаңартуға бағытталмақ. Сонымен қатар коммуналдық тұрғын үй қорын жобалау, көпқабатты үйлер салу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспары да алға қойылды.
– 2026 жылға арналған «Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және дамыту» бағдарламасы бойынша қалалық бюджеттен жалпы 2 миллиард 153 миллион теңге қарастырылған, оның ішінде алты жоба жылу желілерін салуға бағытталған және олардың жалпы құны 5 миллиард теңге болып отыр. Сонымен қатар, 30-шы шағын ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйлерге ішкі аула желілерін жүргізу үшін 847 миллион теңге бөлінген, ал бұл жобаның жалпы құны 1 миллиард 696 миллион теңгені құрайды, –деді Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
Жер қатынастары бөлімінің басшысы өз баяндамасында келесі жылға арналған жоспарлар мен шығыстарды жариялап, бюджет қаражатын толық көлемде тиімді пайдалану көзделіп отырғанын атап өтті.
– 2026 жылға арналған бюджет қаражатын игеру толық көлемде жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 50 жер учаскесіне идентификациялық құжаттарды жасау және беру үшін 1 миллион 250 мың теңге қарастырылған, нарықтық баға жүргізуге – 500 мың теңге, ал 150 жер учаскесінің орналасу схемаларын жасауға 4,5 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, базалық станцияларға қосылу қызметтері үшін 42 мың теңге қарастырылған, – дейді Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Дәурен Шәкенов.
Қала әкімі аппаратының басшысы аппараттың қызметіне арналған шығыстар жөнінде баяндап, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қаражат қарастырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта өту бюросын жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
– Біз тұрғындарға әрдайым ашықпыз және әкімдікте енді барлық кіру негізгі кіре берістен жүзеге асырылатын болады. Арнайы жүйе орнатылып, өтуге рұқсаттар тек тапсырыс бойынша қамтамасыз етіледі, – дейді Қарағанды қаласы әкімі аппаратының басшысы Станислав Поведа.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айнұр Апкашеваның қорытындысына сәйкес, қарастырылып отырған бюджет жобасында ешқандай қарама-қайшылық анықталмағаны айтылды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

