Жаңа талаптар шағын бизнес арасында алаңдаушылық тудырды

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары мен жергілікті кәсіпкерлер қоғамдық жұмыстар бағдарламасына жұмыс берушілерді тарту ережелерін қайта қарауды талқылады. Жаңа талаптарға сәйкес, қызметкерлер саны оннан аспайтын шағын кәсіпорындар карьерлік орталыққа тек бір рет қана өтінім бере алады. Кәсіпкерлер мұндай шектеу олардың дамуына кедергі келтіріп, шағын бизнеске қосымша қиындық туғызуы мүмкін екенін айтуда.

Шағын және орта бизнес өкілдері, азаматтық қоғам мүшелері мен мемлекеттік органдар мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін талқылаған ашық диалог алаңында еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді көтерді. Еңбек министрлігі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуын болдырмау үшін қоғамдық жұмысшыларды ұйымдағы штаттық қызметкерлер санының 10 пайызына ғана дейін қабылдауды шектеуді ұсынып отыр. Себебі бұған дейін небәрі бір қызметкері бар ұйымның өзі бағдарлама арқылы жүздеген адамды жұмысқа алған жағдайлар анықталған.

– Бұл шешім, ең алдымен, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін қажет. Соңғы талдаулар барысында штатында бір-екі ғана қызметкері бар ұйымдардың өзінде қоғамдық жұмысқа жүздеген адамды қабылдаған фактілер анықталды. Мұндай жағдайлар бағдарламаның түпкі мақсатына қайшы келеді. Сондықтан нақты шектеу қойылса, жұмысшыларды формальды емес, шынымен қажет еткен мекемелер ғана пайдаланады. Жаңа талап шағын кәсіп иелеріне кедергі емес, керісінше, оларды жұмыспен қамту бағдарламаларын ұтымды қолдануға бағыттайды. Егер кәсіпорынға нақты қажеттілік туындаса, ол өз мүмкіндігін толық пайдалана алады. Ал қоғамдық жұмысшыларды негізсіз көп қабылдау секілді жайттар азаяды. Бұл еңбек нарығындағы тәртіпті де реттейді – деді,  облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Ермек Әбілдин.

Мамандардың айтуынша, 2025 жылғы мониторинг қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырудағы олқылықтарды айқын көрсеткен. Бағдарламаның тиімділігі күткендегідей болмай, оған қатысқан азаматтардың небәрі 1,3 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Осы жағдайдан кейін бақылауды күшейту және қаржының мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалау мәселесі күн тәртібіне шықты.

– Қоғамдық жұмысшылардың мәртебесіне келсек, олар толыққанды жұмыссыздар қатарына жатпайды, өйткені алдымен Карьерлік орталықтарға тіркеледі және 12 айға дейін мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа жіберіледі. Бұл кезеңде олардың еңбекақысы тек бюджет есебінен төленеді, көлемі 40 АЕК болып белгіленген және бұл мөлшер барлық аудан мен қала үшін бірдей. Дегенмен, мониторинг нәтижелері көрсеткендей, бағдарламаның тиімділігі өте төмен – қоғамдық жұмысқа қатысқандардың бар болғаны 1,3 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондықтан біз ұсынып отырған шектеулер мен бақылауды күшейту қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, бұл жұмыстың формальды емес, нақты еңбек нарығына пайда келтіретін тетігіне айналуына жол ашады, – дейді Қарағанды облысы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Әсем Жүніспекова.

Еңбек нарығындағы жаңа ережелер кәсіпкерлер арасында талқылауды күшейтті. Штатында 10 адамға дейін ғана қызметкері бар шағын компаниялар үшін қойылған шектеулер оларды мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін толық пайдалана алмайтын жағдайға әкелуі мүмкін деген алаңдаушылық бар. Сонымен қатар жастар тәжірибесі бағдарламасына да өзгерістер ұсынылып отыр. Алғашқы еңбек жолын бастауға көмектесетін бұл жоба бойынша енді қызметкерлері аз кәсіпорындар бір ғана практикант қабылдай алады деген талап қарастырылуда.

– Мен қазір ең алдымен жастар тәжірибесі бағдарламасына қатысты алаңдаушылық білдіріп отырмын, өйткені әр компанияға тек бір ғана практикант қабылдау талабы енгізілсе, бұл әсіресе шағын бизнеске тән жағдай болғандықтан, жастар арасында айтарлықтай бәсекелестік туындайды. Бір жұмыс орнына бірнеше үміткер таласатын жағдайда түлектердің бағдарламаға ілігу мүмкіндігі күрт төмендейді. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, жастардың тәжірибе жинауына кедергі келтірмейтіндей балама тетіктерді қарастыру қажет деп санаймын, – деп атап өтті Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті  Индира Жабаева.

Шағын фабрикалар, шеберханалар мен сервистік компаниялар үшін жұмыспен қамту бағдарламалары әлі де негізгі тірек болып отыр. Кадр тапшылығы күшейген жағдайда көптеген ұйымдардың жұмысы тоқтап қалу қаупі бар екені де айтылды. Кездесу барысында жаңа ережелердің техникалық тұстары кеңінен талқыланып, «Еңбек» жүйесінің енді қызметкерлер санын электрондық еңбек шарттары арқылы автоматты түрде тексеретіні белгілі болды. Кәсіпкерлер әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде жұмыс істеп, бірақ зейнетақы аударымдары жасалмайтын қызметкерлердің есепке алынуы мәселесіне қатысты сұрақтарын да ортаға салды.

– Мен қазір «Алтын жас» бағдарламасы аясында зейнеткерлерді жұмыспен қамтамасыз етіп жүрмін, сонымен қатар қатарымызда мүгедектігі бар адамдар да бар, ал олардың зейнетақы аударымдары болмайтыны белгілі. Енді жаңа ережелерге сай қызметкерлер туралы мәлімет электрондық еңбек шарттары арқылы тексерілетін болса, осындай санаттағы азаматтардың мәртебесі қалай расталатыны мен үшін үлкен сұрақ болып отыр. Сондықтан бұл тетік нақты қалай жұмыс істейтіні және әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын топтардың құқықтары толық сақталатыны жөнінде түсінікті механизм қажет,  –дейді Индира Жабаева.

Бизнес өкілдері шағын кәсіпорындарға қатысты талаптарды қайта пысықтау қажет екенін айтып, әлеуметтік ұйымдар мен осал топтармен жұмыс істейтін кәсіпорындарға ерекше жағдай қарастыруды ұсынды. Кездесу соңында қатысушылар бірлескен ұсыныстардың протоколын әзірлеп, оны жауапты министрлікке және Мәжіліс депутаттарына жолдау туралы ортақ шешімге келді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»