Бағаның тұрақтылығы басты назарда!

         Қарағанды облысы мемлекеттік реттеуге жататын дәрі-дәрмектердің бағасын кезең-кезеңімен төмендету жұмыстарын бастады. Бұл шара бағаның ашықтығын арттыруға, негізсіз үстеме құндарды жоюға және халыққа қолжетімді дәрілерді жеткізуге бағытталған жаңа баға белгілеу механизмі арқылы жүзеге асып отыр.

Бұл туралы облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлады.

Қазіргі таңда Қазақстанның фармацевтикалық нарығында 6 мыңнан астам дәрі-дәрмек тіркелген. Солардың 5 408-і мемлекеттік реттеуге жатса, 4 994 препарат үшін шекті бағалар бекітілген. 2024 жылы Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар дәрілердің бағасын қайта қарап, ККТМК мен МӘМС жүйесі аясында, сондай-ақ бөлшек саудада төмендету шараларын енгізді. Ведомство мәліметтері бойынша, кейбір дәрілердің бағасы шамамен 30%-ға дейін арзандаған. Бұл төмендеу, әсіресе, түпнұсқа дәрілерге қарағанда айтарлықтай арзанырақ болатын дженериктерге де қатысты.

– Бағаның төмендеуі препарат сапасына әсер етпейді. Министрліктің негізгі мақсаты халыққа қолжетімді және сенімді дәрілерді жеткізу. Жаңа механизм маркетингтік және транспорттық шығыстарды бағаға қоспайды, бұл да бағаның арзандауына мүмкіндік береді, – деп атап өтті фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің міндетін атқарушы басшысы Әсем Ештаева.

Департамент мамандары ай сайын ең көп сұранысқа ие 50 препараттың бағасын бес негізгі топ бойынша бақылайды: вирусқа қарсы, қабынуға қарсы, антибактериалды, жүрек-қан тамырлары үшін және ас қорыту жүйесін емдейтін дәрілер. Бағаның бірден төмендеуі мүмкін емес, себебі жаңа бұйрық күшіне енгенге дейін жиналған ескі қорлар әлі сатылымға түсуде. Мұндай партиялар бұрынғы сатып алу бағасы бойынша сатылатындықтан, бағаның арзандауы біртіндеп іске асады.

2024 жылғы 1 шілдеден бастап барлық өндірілетін дәрілерге міндетті таңбалау енгізілді. Енді кез келген азамат препарат туралы ақпаратты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы, ал шекті бағаларды DariKZ қосымшасы немесе Adilet.kz платформасы арқылы тексере алады.

– Кез келген сатып алушы осы сервистерді орнатып, өзі үшін қызықты дәрі-дәрмектің бағасын тексере алады, – деді Қарағанды облысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті басшысының орынбасары Сабина Нагметуллина.

Егер дәрі-дәрмек немесе медициналық бұйымдардың бағасы шектен асқанын байқаса, тұрғындар egov.kz және eotinish.gov.kz порталдары арқылы өтініш жолдай алады немесе департаментке жазбаша арыз тапсыра алады. Арызды Қарағанды қаласы, Терешкова көшесі, 28/1 мекенжайына жіберуге болады. Сондай-ақ, DariKZ және Naqty Onim қосымшаларын пайдалану мүмкіндігі бар. Шағымды қарастыру үшін дәріхананың нақты мекенжайын көрсету және растайтын құжаттарды қоса беру маңызды. Шекті бағаны асыру үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бұл шаралар Қарағанды облысында дәрі-дәрмек нарығында ашықтықты қамтамасыз етіп, тұрғындарға сапалы және қолжетімді препараттар ұсынуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Ералы ҒАНИ,

«QH»