Президент Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы ардагерін марапаттады
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша үлес қосқан еңбек адамдарын марапаттау жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бүгін елордада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумы екі мыңнан астам маманды бір арнаға тоғыстырды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілді.

Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сала дамуына үлес қосқан 30 қызметкерге ордендер мен медальдар табыстады. Марапат иелерінің арасында Қарағанды облысы Нұра ауданының тұрғыны Асаутай Құжұханов та бар. «Жараспай» ЖШС-нің бригадирі «Еңбек Даңқы» орденінің ІІІ дәрежесіне лайық деп танылды.

71 жастағы Асаутай Сағынбайұлының еңбек жолы – ауыл шаруашылығына адалдықтың айқын үлгісі. Ол 17 жасынан бастап туған ауылы Жараспайда еңбек етіп, өмірінің елу жылдан астам уақытын ауял шаруашылығына арнады. Зейнет жасына қарамастан, әлі күнге дейін бригадир қызметін жалғастырып келеді: көктемгі егіске, шабындыққа, күзгі жиын-терімге қатысып, жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға үйретуде.

Ауылдастары еңбек ардагерін адалдығы мен тынымсыз еңбегі үшін ерекше сыйлайды. Әріптестері оның жауапкершілігі жоғары, ұжыммен тіл табысып, жұмыс ұйымдастыруға шебер екенін айтады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1105586?lang=kk
