Ұлттық өнер бәйгесі
Қарағанды қаласында қазақтың әйгілі халық әншісі, ел мақтанышы Мәди Бәпиұлының 145 жылдығына арналған «Мәди Бәпиұлы атындағы VI республикалық классикалық ән орындаушыларының байқауы» өз мәресіне жетті. Бұл өнер додасы – дәстүрлі әннің дамуына серпін беріп, жас орындаушылардың шеберлігін шыңдауға бағытталған маңызды мәдени шара болды.
Екі күнге созылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қырыққа жуық талантты әнші қатысты. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер ғана ақтық сынға жолдама алып, сахна төрінде бақ сынады. Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қайрат Байбосынов төрағалық етті.
Биылғы байқаудың бас жүлдесі Алматы қаласынан қатысқан, Ақтоғай өңірінің тумасы Мадияр Өмірғалыға бұйырды. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің түлегі, қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Мадияр – дәстүрлі әннің жарқын өкілі, белгілі әнші Сержан Мұсайынның шәкірті. Жас өнерпаз байқау нәтижесімен бөлісе отырып:
– Бұл байқаудың бас жүлдесін алу әр әншінің арманы. Мұнда тек іріктелген, шынайы таланттар қатысады. Осындай додада дара шығып, ұстаздарымның үмітін ақтағаныма ризамын. Алдағы уақытта өнерімді әрі қарай шыңдай беремін, – деді.
Бас жүлде иегеріне арнайы қолөнер шебері Нарбек Оханов жасаған домбыра табысталды. Бірінші орын Семей қаласынан келген Ұлжан Әбілхасимоваға бұйырды. Ол бала кезінен дәстүрлі ән өнеріне қызығып, бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып жүр.
– Қарағанды – ән мектебі қалыптасқан өңір. Мұнда дүлдүл әншілер мен олардың шәкірттері көп. Осындай ортада өнер көрсету үлкен мәртебе, – дейді Ұлжан.
Екінші орынға қарағандылық Ақжігіт Дәулетбек, ал үшінші орынға Қуандық Төкенов лайық деп танылды. Барлық жүлдегерлерге дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Қазылар алқасының төрағасы, профессор Қайрат Байбосынов байқаудың маңыздылығын атап өтіп:
– Байқауға келген әрбір өнерпаз – өз өңірінің намысын қорғап келген талант. Мұндай додалар – жастардың өсуіне, тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік. Дүлдүлдердің ортасында жүрген әнші міндетті түрде дамиды. Өнердің қадірін ұғынған жан осындай байқаулардан қанат табады», – деді.
Шынында да, бұл сын тек жарыс емес, тәжірибе мен өсу алаңы болды. Әр қатысушы өз шеберлігін сынап, сахна мәдениетін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық байқау – ұлттық өнердің ұлт болмысымен бірге жасайтынын айғақтайтын айтулы шара. Қарағанды төрінде өткен бұл дәстүрлі дода жас әншілердің шығармашылық жолына жол ашып, халық әнінің қадірін одан әрі арттыра түсті.
Осындай өнер бәйгелері ұлт руханиятының тірегі. Себебі, дәстүрлі ән – ұлттың жаны, ал оны дәріптеген дүлдүлдер – елдің еңсесі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

