Қарабие қорымындағы құнды олжа: мыңжылдық тарихтың сыры ашылды

Ақтоғай ауданында археологтар алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіне жататын көне жәдігерлерді Қарабие қорымынан қазып алды. Бұл табылған заттар ерте сақ дәуірінде өмір сүрген адамдарға тиесілі болып, Қазақстан аумағында бұрын-соңды кездеспеген тарихи құндылықтар қатарына жатады. Мамандардың айтуынша, Қарабие қорымы 2,5 мың жылдық тарихы бар, тоналмаған және бұзылмаған жерлеу орны ретінде ерекше маңызға ие.

Археологтардың айтуынша, қазба жұмысы барысында қоладан құйылған ерекше қанжар табылды. Оның сабы мен жүзі арқар мүйізіндей иіліп, бір-біріне қарап тұрған бүркіт бейнелі имек тұмсықтармен сәнделген. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші маманы Арман Бейсенов бұл жәдігерді Қазақстанда екінші баламасы жоқ ерекше зат ретінде сипаттады. «Бұл қанжардың өзі ертесақ дәуірінің кең мәдениетінен сыр шертеді», – деді маман.

Сонымен қатар, археологтар темір негізі бар, алтынмен көмкерілген сырғаларға да тап болды. Жоғары сапада жасалған алтын бұйымдардың барлығы облыстық музей қорына тапсырылатын болады. Археологтардың айтуынша, мұндай қазба орындары – сирек кездесетін құнды обалар. Алтын-күміс бұйымдар саны көп болмаса да, обаның бүтін күйде сақталғаны ерекше олжа болып есептеледі.

Қазба жұмысы Қарағанды облысы әкімдігінің Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама департаментінің қолдауымен жүргізілді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Дәурен Жүсіповтің айтуынша, қорымда плиталарды алып тастағаннан кейін, тереңдігі 106 см жерде адамның толық анатомиялық қалпындағы сүйегі табылған. Сол қолында ерекше қола қанжар, ал мәйіттің сол жақ аяғының тізесінен төмен бес қола жебенің ұштары анықталған. Бұл жебелер Талды 2 қорымындағы «Алтын адамның» жерлеу кезінде табылған заттарға ұқсас болып, қорымның элиталық сипатын көрсетеді.

Барлық қазба жәдігерлері қарапайым тексеруден өтіп қана қоймай, терең ғылыми зерттеуге жіберіледі. Металлографиялық, радиокөміртекті және антропологиялық талдаулар арқылы заттардың жасын, шығу тегін және тарихи мәнін анықтау жоспарлануда.

Қарабие қорымынан табылған олжалар – тек Ақтоғай мен Қарағанды өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан тарихы үшін аса маңызды жаңалық болып отыр. Бұл қазба нәтижесі ерте сақ дәуірінің мәдениеті мен өмір салтын тереңірек зерттеуге мүмкіндік беріп, археологиялық ғылымдағы жаңа парақ ашты.

Ералы ҒАНИ,

«QH»