ТҰМАУДЫҢ АЛДЫН АЛУ
Күз-қыс маусымында тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) жиілейді. Тұмау – жоғары температурамен, бас және бұлшық еттің ауырсынуымен, жөтел, тамақтың ауыруымен сипатталатын жұқпалы ауру. Ауру ауа-тамшы арқылы тез тарайды, сондықтан алдын алу шараларын сақтау өте маңызды.
Тұмау эпидемиялары кезінде тыныс алу жолдарының бактериялық инфекциялары, бронхит, пневмония күрт өседі, ал тұмау адамда созылмалы аурулардың өршуін тудырады және олардың ағымын күшейтеді.
Алдын алудың негізгі шарасы – вакцинация. Вакцина – тұмаудың алдын алу үшін ең сенімді қорғаныс.
ТҰМАУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ:
- Алдын алу барысында ең тиімді әдіс – тұмауға қарсы екпе алу.
- Эпидемия кезінде адамдармен байланысыңызды мүмкіндігінше азайтуға тырысыңыз (қоғамдық көліктермен сирек қатынап, қонаққа барудан бас тартыңыз).
- Бөлмеңізді, үйіңіздің ауасын жиі желдетіп, ылғалды жуып-жинаңыз.
- Мұрныңыздың шырышты қабығын интерферонмен, 0,25 пайызды оксалин майы мен майлап жүріңіз.
- Сарымсақ, пияз, сонымен қатар құрамында С дәрумені бар өнімдерді: лимон, орамжапырақ, қара қарақатты көбірек пайдаланыңыз.
- Төрт қабатты дәкелі таңғышты қолданыңыз.
- Дұрыс тамақтаныңыз.
- Таза ауада жүйелі түрде серуендеп, денешынықтырумен және спортпен айналысуды қолға алыңыз.
- Тұмаумен ауыратын науқасты басқа адамдардан оқшаулаңыз.
Тұмаудың ауыр зардаптары мен асқынуларын болдырмау үшін өзін-өзі емдеумен айналыспай, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,
Қарағанды қаласы
Қазыбек би атындағы ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы

