Қалам иелерінің қуанышы

Қарағанды қаласында руханият пен шығармашылыққа арналған ерекше мәдени шара өтті. «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырған жиын «Кітап AMANAT» жобасы аясында өткізілді. Кітапханашы күнімен орайласқан бұл шара өңірдің әдеби қауымын, жас қаламгерлер мен ақындарын бір арнаға тоғыстырды. Бұл байқау Сарыарқаның шығармашыл азаматтарына тың серпін беріп, жас қаламгерлер мен ақындарға өз туындыларын кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік жасады. Негізгі мақсат – заманауи ұлттық әдебиетті дамыту, оқу мәдениетін дәріптеу және өңірдің жас дарындарын қолдау.

Поэзия аталымы бойынша бас жүлдені Нұра ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Данияр Алшынбаев жеңіп алды. Ол терең мағыналы, рух пен сезімге толы өлеңдер топтамасы үшін 100 000 теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.

Екінші орынға Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің филология факультетінің 4-курс студенті Ғани Ералы лайық деп танылды. Оның «Абай мүсінімен сырласу» атты әсерлі өлеңі көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Жас ақынға 75 000 теңгелік сертификат табыс етілді.

Үшінші орын Мейрамбек Сағи есімді жас авторға бұйырды. Абай ауданының жастар ресурстық орталығында қызмет ететін ол өз шығармасында еңбек адамдарының қадір-қасиетін жырлап, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мазмұнды туынды ұсынып 50 000 теңгелік сыйлыққа ие болды.

Жеңімпаздарға марапаттарды филология ғылымдарының профессоры, ақын Қойлыбай Асан табыс етіп, жас қаламгерлерге ізгі тілегін білдірді.

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков өз сөзінде: «Шығармашыл тұлғаларды қолдау – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. «Ұлы Дала» байқауы рухани дамудың және бірліктің нышанына айналып, қатысушылар мен көрермендерге шабыт сыйлады», – деп атап өтті.

Шара соңында жеңімпаздар, ұйымдастырушылар мен қонақтар естелік суретке түсіп, жылы әрі рухани атмосферада шығармашылық әңгіме өрбітті.

«Сарыарқа – сәулелі сөз» және «Ұлы Дала» байқаулары – аймақ мәдениетінің дамуына серпін беріп, әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттырған маңызды жоба болды. Бұл шара тек жеңімпаздарды марапаттау ғана емес, ел ертеңінің рухани тірегін қалыптастыратын жастарға шабыт берудің жарқын үлгісі ретінде есте қалды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»