Қарағандыдағы жаңа магистраль: Майқұдық пен Оңтүстік-Шығысты жалғайтын заманауи жол пайдалануға берілді

Қарағандыда тұрғындар көптен күткен жаңа жолдың алғашқы бөлігі ашылды. Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарын байланыстыратын бұл магистраль заманауи талаптарға сай салынған. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер жол құрылысының сапасына жоғары баға беріп, «жол еуропадағыдай әдемі» деп ризашылықтарын білдірді.

Мұқанов көшесіндегі жаңа учаске – ұзындығы 800 метр болатын төрт жолақты жол. Құрылыс барысында үш қабатты асфальт-бетон төселіп, барлық стандарттар толық сақталған. Сонымен қатар мұнда велосипед жолдары, жаяу жүргіншілер жолақтары, автотұрақтар мен нөсер кәріз жүйесі орнатылған. Инженерлік желілер жаңартылып, 65 жарық шамы мен қажетті жол белгілері қойылған. Аймақты көгалдандыру мақсатында 200-ден астам ағаш отырғызылды.

Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Кокушевтың айтуынша, барлық жұмыс мерзімінде орындалған.

«Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстар толық аяқталды. Келесі жылы осы бағыттағы құрылысты жалғастырып, жаңа бөлігін іске қосуды көздеп отырмыз. Бұл жол болашақта қаланың бірнеше шағын ауданын біріктіретін маңызды артерияға айналады», – деді ол.

Жаңа жол пайдалануға берілген сәттен бастап бұл бағытта №33 бағыттағы қоғамдық автобус қатынай бастады. Бұл тұрғындардың жүріп-тұруын айтарлықтай жеңілдетті.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс нысанында болып, мердігерлердің еңбегін жоғары бағалады. Әкім жұмысты толық аяқталмай тұрып, жол қозғалысын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар мектеп маңында қауіпсіздік шараларын күшейтуді ерекше атап өтті.

«Қалада біраз жолдар салынып жатыр. Барлық нысанда жұмыс қарқыны жоғары. Бұл жаңа магистраль — болашақта көлік ағынын жеңілдететін маңызды бағыттардың бірі болмақ», – деді өңір басшысы.

Тұрғындар да өзгерістерге дән риза.

«Бұл – қаламыз үшін үлкен жаңалық. Жаңа жол өте әдемі, сапалы. Мердігер компанияға алғысымыз шексіз. Күн сайын осында келіп, жұмыс барысын бақылайтын болдым. Жұмысшылардың еңбегі зор», — дейді Мұқанов көшесіндегі 84-үйдің тұрғыны Нина Леннова.

Жаңа жолдың жалпы ұзындығы 5,9 шақырымды құрайды. Ол Мұқанов пен Тәттімбет көшелерінің қиылысынан басталып, Көгілдір тоғандар ауданындағы Шығыс айналма трассасына дейін созылады. Бұл жоба қаланың орталық көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, қозғалыс уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Биылдың өзінде Қарағандыда 72 шақырым жол жөнделген. Өңір басшылығының айтуынша, жаңа магистраль – қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі және алдағы уақытта осындай сапалы жобалар жалғасын табады.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»