Әлихан Бөкейхан ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды

Әлихан Бөкейхан ауданының тұрғындарына дәл қазірден бастап арықтарды тазалау қажет. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, егер қар түспей тұрып арықтар тазаланбаса, көктемде еріген қар суы аулалар мен үйлерге қауіп төндіруі мүмкін.

Аудан әкімі Досбол Күлекеев жаңбыр суын ағызу жүйесінің жұмысымен танысып, бұл іске тұрғындардың белсенді қатысуының маңызын атап өтті.

«Біз Пришахтинсктегі Мелитопольская көшесінде тұрмыз. Мұнда су тасқынының алдын алу жұмыстары басталып кетті. Арнайы тізім мен нақты іс-шара жоспары жасалған. Бұл аумақ – көктемде су басу қаупі жоғары учаскелердің бірі», – деді аудан әкімі Досбол Күлекеев.

Мамандардың айтуынша, көктемгі су тасқынымен күрескеннен гөрі, алдын ала дайындалу әлдеқайда тиімді. Сондықтан қазірдің өзінде ескі арықтарды тазалау мен жаңбыр суын ағызу жүйесін жетілдіру жұмыстары қарқын алған. Алдымен су ағатын бағыттар зерттеліп, оның қай жерден жиналып, қайда ағатыны анықталды.

«Мелитопольская көшесінің жалғасы арқылы еріген қар суы 23-шағынауданның айналма жолы арқылы осы жерге келіп жиналып, кейін коллектор бойымен Луначарский бағытына қарай ағады», – деді Досбол Күлекеев.

Су тасқынының алдын алу шаралары ауданда жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазір бұл жұмыстардың соңғы кезеңі атқарылуда.

Мердігер компания өкілінің айтуынша, жаңбыр суын ағызу жүйесі Прогресс және Кемерово көшелерін қамтиды.

«Мұнда бұрынғы ескі, сынған бетон плиталар алынып, олардың орнына жаңалары орнатылып жатыр. Сонымен қатар шағын аудандарда да тұрып қалған суды тазалау жұмыстары жүргізілді», – деді компания өкілі.

Аудан әкімінің айтуынша, жеке тұрғын үйлер маңындағы арықтарды тазалау – әр тұрғынның өз жауапкершілігі.

«Тұрғындарға айтар өтінішім бар. Әркім өз үйінің маңындағы су жолын реттеп, еріген қар суының еркін ағуына жағдай жасауы қажет. Әйтпесе көктемде су басу қаупі алдымен сол үйлердің өзіне төнеді», – деді Досбол Күлекеев.

Әкімдіктің пікірінше, тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігі – атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне тікелей әсер ететін негізгі фактор.

Ералы ҒАНИ,

«QH»