Алаңдағы асықтар: сән бе, шығын ба?
Қарағандыда соңғы уақытта қала көркін арттыру мақсатында түрлі шағын сәулеттік нысандар мен инсталляциялар орнатылып жатыр. Алайда Сарыарқа көшесіндегі гүлзарға қойылған алып асықтар әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам белсенділері мен қала тұрғындарының арасында екіұдай пікір туғызды. Себебі әрбір асықтың құны – шамамен 3 миллион теңге.
Қоғам белсендісі Жұмабай Искаков бұл сомаға күмән келтіріп, оның қаншалықты негізді екенін әкімдіктен сұрастырған. Тиісті жауап алу үшін мемлекеттік сатып алу порталына жүгінген белсенді онда асықтардың бағасы 2,9 миллион теңгеден асатынын анықтаған. «Қаражатты жөнсіз жұмсау ашуландырады. Осындай түкке тұрғысыз дүниелерге миллиардтап ақша кетіп жатыр, ал бізде өмір сүруге қажетті инфрақұрылым өте нашар жағдайда. Бір асыққа 3 миллион теңге – не үшін? Гипс үшін бе? Анау құмыралар – біреуі 13 миллион. Бұл не сұмдық? Әрине, көз тартатын дүниелер керек, бірақ асықтарға арналған клуб ашып, шын мәнінде сол ойынды дамытпай ма?» – дейді ол.
Сарыарқа көшесіндегі бұл гүлзарды абаттандыру жұмыстары 2018 жылы басталған. Содан бері жыл сайын жаңа элементтер қосылып келеді. Ұзындығы екі шақырым болатын бұл демалыс аймағын абаттандыруға жалпы 3,7 миллиард теңге жұмсалған. Көпшіліктің пікірі әртүрлі: бірі көрікті мүсіндерді қолдап, мұндай нысандар қаланың ажарын ашатынын айтса, енді бірі қаражатты жол мен су жүйесін жөндеуге бағыттау қажет деп есептейді.
«Мен бағалардан хабарым жоқ, көп пе, аз ба – білмеймін. Бірақ бізге ұнайды. Мұнда жиі серуендейміз, балалар ойнайды», – дейді қала тұрғыны. Тағы бірі: «Әдемі, әрине, бірақ меніңше тым қымбат. Бұл біздің мәдениетіміз жайлы – асық ұлттық ойын. Көркем, бірақ бағасы сәл жоғары сияқты», – деп пікір білдірді. Ал тағы бір тұрғын: «Мұндай нәрселер керек. Кешкісін серуендеуге ыңғайлы, балаларға жақсы. Ал қанша бөлінді, қанша жұмсалды – ол біздің шаруамыз емес қой», – дейді.
Ал әкімдік өкілдері гүлзарды абаттандыру шығындарының жоғары болуын орындалған жұмыстың ауқымымен және қолданылған бұйымдардың ерекшелігімен түсіндіреді. Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Дидар Қабаевтың айтуынша, жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. «Бұл элементтер – бірегей. Олар еркін сатылымда жоқ. Құмыра болсын, асық болсын – бәрі авторлық көзқарас пен жеке есептеуді қажет ететін бұйымдар. Тасымалдау мен орнату жұмыстары да сол бағаға кіреді. Жоба сараптамадан өтті, онда баға құрылымы мен материал сапасы толық тексерілді», – дейді ол.
Әкімдік демалыс орындарынсыз қаланың ажары мен тұрғындардың өмір сапасын елестету қиын екенін айтады. Дегенмен қоғам белсенділері инфрақұрылымдық мәселелер шешілмей жатып, осындай сәндік элементтерге миллиардтаған қаржы жұмсау орынды ма деген сауалды ашық күйінде қалдырды.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

