Қарағанды жаңарып жатыр: абаттандыру мен құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Қарағандыда абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қаладағы бірқатар нысанды аралап, орындалған жұмыстардың сапасымен және алдағы жоспарлармен танысты. Аралау барысында аймақ басшысы гүлзарлар, жолдар, мектеп және өндіріс орындарының жұмысын бақылады.

Язев көшесіндегі гүлзар – тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды

Көп жылдар бойы қараусыз қалған Язев көшесіндегі гүлзар бүгінде жаңарып, тұрғындардың жиі баратын орындарының біріне айналды. Бұған дейін ескерткіштің жағдайы нашарлап, аумақтың көркі бұзылған болатын. Биыл мамыр айынан бастап мұнда кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Жаңа мүсін орнатылып, тартан жабыны төселді, баскетбол алаңы мен балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылып, жарық бағандары орнатылды.

«Бәрі дұрыс болды, енді немерелеріміз осында ойнайды», – дейді гүлзар маңындағы тұрғындардың бірі ризашылықпен.

Аймақ басшысы тұрғындардың пікірін тыңдап, аумаққа жаяу жүргінші өткелін салуды да тапсырды. Бұл өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып отыр.

 

Қала жолдары жаңарып, қозғалыс ыңғайлы бола түсті

Облыс әкімі одан әрі Бөкетов көшесіндегі жол құрылысы нысанына барды. Мұнда үш қабатты асфальт-бетон төселіп, нөсер кәріз жүйесі мен жарық шамдары орнатылған. Жол төрт жолақты болып кеңейтілген, автотұрақ пен жол белгілері қарастырылған.

«Қаладағы көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Биылдың өзінде 72 шақырым жол жөнделді», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ әкім мердігерлерге жылыту жүйелерін қайта қарап, көмірдің орнына газбен жылытуға бейімдеу қажеттігін ескертті.

 

Жаңа мектеп – қауіпсіз әрі заманауи білім ордасы

Ескі ғимараты апатты деп танылған №44 негізгі орта мектептің орнына жаңа заманауи мектептің құрылысы басталды. Бұрынғы екі қабатты мектеп 1947 жылы салынған, жылу көзі ретінде қазандық пайдаланылған еді. Тек 12 оқу кабинеті мен 20 орындық шағын асханасы болған оқу орны енді заманауи талаптарға сай, кең әрі қауіпсіз ғимаратқа көшпек.

«Келесі жылы бұл жобаны толық аяқтаймыз», – деді өңір басшысы құрылыс барысын қарап шыққан соң.

 

Жергілікті өндіріс – өңір дамуының тірегі

Аралау барысында облыс әкімі табысты жұмыс істеп отырған жергілікті кәсіпорындарға да барды. Солардың бірі – елдің барлық өңіріне газ қазандықтарын шығаратын зауыт, ал екіншісі – тұрмыстық химия өнімдерін өндіретін кәсіпорын. Мұнда сұйық сабын, кір жуғыш гель, жұмсартқыш секілді өнімдер шығарылады.

Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлермен кездесіп, өндірісті кеңейту, экспортты арттыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін талқылады.

Қарағанды бүгінде жаңару мен өрлеу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Жаңа жолдар, абаттанған демалыс аймақтары мен әлеуметтік нысандар – тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың жемісі.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»