«Saryarqalab: Aqyl. Damu. Qadam» облыстық жастар форумы
Қарағандыда «Saryarqalab: Aqyl. Damu. Qadam» атты облыстық жастар форумы өтті. Шара «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының қолдауымен ұйымдастырылды. Форум барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өңір жастарының даму бағыттары, көшбасшылық қасиеттерді арттыру және қоғам өміріндегі белсенділікті күшейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, түрлі бағыттағы табысты жас мамандардың қатысуымен мотивациялық сессиялар мен пікірталастар өтті.
Қарағанды облысының жастары «SARYARQALAB» форумында бас қосты. Шараға өңірдің мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындарының белсенді оқушылары мен студенттері қатысты. Форум бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды: қатысушылар алдымен Қарағандының жетекші технологиялық және білім беру орталықтарында болып, кейін тақырыптық секциялардың жұмысына араласты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «SARYARQALAB» форумы – аймақтың жас көшбасшылары үшін өз әлеуетін көрсетіп, жаңа идеяларды жүзеге асыруға арналған маңызды алаң.
– Форумға қатысушылар облыстағы жасанды интеллект пен цифрландыру бағытында жұмыс істейтін бірқатар нысанда болды. Олардың арасында Бірыңғай үйлестіру орталығы, IT хаб «Терриконная долина» және «Жас маман» құзыреттілік орталығы бар. Шараға спикер ретінде жасанды интеллект саласында жоғары біліктілігімен танылған мамандар шақырылды. Олар тек облыс көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де өз кәсібилігімен танылып жүрген үздіктер, – деді «AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Арафат Мәжитов.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде бүгінгі жастардың қоғамдағы жаңашылдық пен дамудың басты қозғаушы күші екенін атап өтті.
– Бүгінгі жастар – қоғамдық прогрестің негізгі қозғаушы күші. Олар жаңа идеяларымен, батыл бастамаларымен өңіріміздің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Біз үшін жастардың білім алып, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. «SARYARQALAB» сияқты форумдар жас көшбасшыларға тәжірибе алмасуға, өз көзқарастарын қалыптастыруға және өңірдің болашағына қатысты нақты жобаларды ұсынуға мүмкіндік береді. Осындай алаңдар арқылы біз талантты жастарды қолдап, олардың кәсіби және жеке дамуына серпін беруді көздейміз. Жас ұрпақтың белсенділігі мен ізденісі – Қарағанды облысының тұрақты дамуының кепілі деп сенемін, – дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ақтоғай ауданынан арнайы келген Күлмұхаммет Серікғалиұлының айтуынша, бүгінгі күні заманауи технологияларды түрлі салада тиімді қолдану – уақыт талабы.
– Мұндай форумдарға қатысу біз сияқты жастар үшін үлкен мүмкіндік. Қазір кез келген салада табысты болудың басты шарты – заманауи технологияларды дұрыс меңгеріп, оларды тиімді пайдалану. Уақыт талабына сай ойлап, жаңа бағыттарға бейімделу қажет. Мен үшін бұл форум – тек білім мен тәжірибе алмасу емес, сондай-ақ өз идеямды дамытуға, замандастарыммен бірлесіп жаңа жобалар ойластыруға тамаша алаң. Осындай бастамалар жастардың әлеуетін арттырып, өңірдің дамуына нақты үлес қосуға жол ашады деп сенемін, – деп атап өтті Ақтоғай аудандық филиалы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Күлмұхаммет Серікғалиұлы.
Форум барысында экологиялық жауапкершілік, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, сондай-ақ еңбек пен өндіріс саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Шара аясында белсенді жастардың бір тобы «AMANAT» партиясының мүшелігіне қабылданды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

