Электросамокаттарға жаңа талаптар енгізіледі
Елімізде электросамокаттарға қойылатын талаптар күшейтілмек. Егер кикшеринг қызметін көрсететін компаниялар жаңа қауіпсіздік ережелеріне бейімделмесе, олардың қызметі тоқтатылуы мүмкін. Бұл талаптар тек компанияларға ғана емес, жергілікті әкімдіктерге де қатысты болады.
Ішкі істер министрлігінің орынбасары Игорь Лепёханың айтуынша, қазір қауіпсіздік ережелерін сақтамайтындар көбейген. «Балаларды ата-аналары да бақыламайды. 10–12 жастағы балалар кейде екі-үшеуден мініп, қауіпсіздік ережесін сақтамай жүреді. Мұның салдары тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Біз 96 ата-ананы осы үшін жауапқа тарттық», – деді ол.
Үкімет электросамокаттарды қоюға арналған арнайы орындар, жылдамдықты автоматты түрде шектеу, салмақ датчигін орнату сияқты халықаралық тәжірибелерді енгізуді жоспарлап отыр. Кейбір елдерде самокатты белгіленген орынға қойғанға дейін төлем тоқтатылмайды. Осылайша паркинг мәселесі шешілген.
«Қазір біз құқық бұзған компанияларды жауапқа тартып, самокаттарды жинап алып кетеміз. Ал жаңа заң жобасында компаниялардың нақты міндеттері көрсетіледі. Мәселен, белгілі бір көшеде, белгілі бір уақытта немесе белгіленген паркингте ғана самокат қоюға болады деген сияқты талаптар енгізілуі мүмкін. Кей учаскелерде кәмелетке толмағандарға жүруге тыйым салу қарастырылып отыр», – деп түсіндірді ІІМ өкілі.
Жаңа талаптар орындалмаса, лицензияны тоқтату да күн тәртібінде тұр. Министрлік өкілдерінің пікірінше, бұл шаралар жағдайды реттеп, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

