Айтматов әлемі – Қарағанды төрінде

Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қабырғасында қазақ пен қырғыз әдебиетінің алтын көпірі саналатын тұлға – Шыңғыс Айтматовтың есімі жаңаша сипат алды. Филология факультетінде жазушының құрметіне арнайы аталған аудитория ашылып, білім мен руханияттың тоғысын айқындайтын жаңа мәдени кеңістік пайда болды.

Аудиторияның ашылу рәсіміне университет басшылығы, филология факультетінің оқытушылары, студенттер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл – түркі әлемінің ортақ тұлғасына тағзым әрі әдеби мұраға деген құрметтің нақты көрінісі.

Университет ректоры, профессор Нұрлан Дулатбековтың айтуынша, Шыңғыс Айтматов атындағы аудиторияның ашылуы – оқу ордасының рухани өміріндегі ерекше оқиға. «Айтматов шығармалары – адамдық биіктің, ар-ождан мен мейірімнің символы. Бұл аудитория сол құндылықтарды дәріптейтін ордаға айналмақ», – деді ол.

Жаңа аудитория заманауи талаптарға сай жабдықталып, студенттердің ғылыми және шығармашылық ізденістеріне жол ашады. Мұнда әдеби талқылаулар, ғылыми семинарлар, тренингтер мен конференциялар өткізу жоспарланған. Сондай-ақ жас зерттеушілер мен шығармашыл жастардың пікір алмасу алаңына айналмақ.

Факультет ұжымы аталған аудиторияны тек оқу үдерісінде емес, мәдени-рухани өмірде де тиімді пайдаланбақ. Мұнда студенттер Айтматов шығармаларының көркемдік табиғатын талдап, оның идеяларын қазіргі заманмен байланыстырып зерттейді. Сонымен қатар қырғыз және қазақ әдебиеттерінің өзара ықпалына арналған ортақ жобалар да қолға алынбақ.

Шыңғыс Айтматов – адамзаттық құндылықтар мен ұлттың рухани болмысын терең бейнелеген жазушы. Оның «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жәмилә», «Бетпе-бет» сынды шығармалары әлемдік әдебиеттің алтын қорынан орын алды. Университеттегі жаңа аудиторияның басты мақсаты да – сол мұраның мәнін ұғындыру, жас ұрпақ бойында адамгершілік пен рухани биіктікті қалыптастыру.

Бұл игі бастама – Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің білім мен мәдениетті ұштастырып, студенттерге тек кәсіби емес, рухани бағытта да тәрбие беруге ұмтылысының айқын дәлелі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»