Жүргізуші куәлігін алу тәртібі қатаң бақылауға алынады

Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілердің санын азайту үшін автомектептердегі оқыту сапасы күшейтіледі. Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алу процесін қатаң бақылауға алуды ұсынып отыр. Бұл өзгерістер алғаш рет рөлге отыруды жоспарлағандарға да әсер етпек.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, мәселе емтихан талаптарын қатаңдатуда емес, оқыту сапасының төмендігінен туындап отыр. Кейбір автомектептерде қажетті материалдық база да, білікті оқытушы да жоқ, тіпті оқытудан өтпеген курсанттарға құжатта белгі қойып беретін фактілер анықталған. «Қазір әр курсант автомектепке келген күнінен бастап электронды жүйеге тіркеледі. Бұрын тек оқу өтті деп көрсетіп жүре беретін. Біз салада тәртіп орнатуды көздеп отырмыз», – дейді ІІМ вице-министрі Игорь Лепёха.

2025 жылдан бастап барлық автомектептерде топтарды тіркеу қатаң регламентпен жүргізіледі. Мысалы, топта 12 адам болса – бір оқытушы мен бір нұсқаушы болуы керек. Ал 24 адам болса – екі нұсқаушы және екі оқытушы. «Бұл талаптар бізге қойылатын бақылауды әлдеқайда күшейтті», – дейді автомектеп нұсқаушысы Александр Ненахов.

Оның айтуынша, жүргізуші куәлігін алу талаптары әлсіз болып тұр. Кейде автомат қораппен жүретін курсанттар механикалық беріліс қорабының үшінші берілісін қалай қосу керегін де білмейді. Нұсқаушы емтихандарды қайтадан қала көшелерінде өткізу қажеттігін айтады. «Жабық алаңнан бөлек, емтихан бұрынғыдай қаланың ішінде өтсе, ғана дайындық сапасы туралы айтуға болады. Ал қазір біз жартылай дайын жүргізушілерді шығарып жатырмыз», – дейді ол.

Қазақстанда 2016 жылдан бері ІІМ автомектептерді ашуға рұқсат бермейді, педагогикалық құрам мен материалдық-техникалық базаны бақыламайды. Тек хабарлама тәртібімен талаптардың сақталуын ғана қадағалайды. Енді министрлік бұл өкілеттікті қайта өз қолына алуды жоспарлап отыр.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»