Әлия – қаһармандық дастаны
Бүгінгі ұрпаққа ерлік пен елдік өнегесін аманаттаған Кеңес Одағының Батыры, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Әлия – қаһармандық дастаны» атты мерейтойлық әдеби-рухани кеш өтті. Шараның мақсаты – батыр арудың ерлікке толы өмір жолын дәріптеу, жас ұрпақ бойында отансүйгіштік сезім мен елге қызмет ету рухын қалыптастыру болды.
Мерейтой аясында «Әлия-ғұмыр» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда батырдың өмірі мен ерлігіне арналған құнды әдебиеттер мен фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Кеш барысында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология ғылымдарының профессоры Жандос Смағұл «Әлия Молдағұлованың өмірбаяны» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, батыр қыздың тұлғалық болмысы мен ерлігін тарихи деректермен сабақтастыра әңгімеледі.
– Әлия Молдағұлова – тек майдан даласында ғана емес, қазақтың руханият кеңістігінде де мәңгілік бейне. Оның батырлығы – әйелдің, ананың, ұлттың символы. Әлияның өмірі – ерлік пен махаббаттың, қайсарлық пен адалдықтың шынайы мектебі, – деді профессор Жандос Смағұл.
Кеш көрермендеріне ерекше әсер қалдырған бөлім – С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының актерлері орындаған «Әлияның хаттарынан үзінді» атты сахналық көрініс. Батырдың майданнан жазған шынайы хаттары арқылы оның нәзік жүрегі мен өр рухы көрініс тапты. Сондай-ақ көрермендер назарына «Әлия» бейнеролигі ұсынылып, батырдың балалық шағы, соғыс жылдарындағы ерлік істері мен тарихи фотосуреттер экраннан көрініс тапты. Мерекелік кеш барысында батыр рухына арналған арнаулар мен патриоттық әндер шырқалды. «Күміс домбыра» иегері – Нұрмұхаммед Байсүгір батырға арналған арнауын орындады, «Абырой» атты патриоттық әнді «Әуен» ансамблі шырқады, Ауған соғысының ардагері Амангелді Жантасов ізгі лебізін білдіріп, ел үшін жанын қиған ерлердің ерлігін ұлықтау – ұрпақ парызы екенін айтты. Райымбек Сатыбалды мен Жанасыл Елубаев «Жүрегімде Қазақстан» әнімен сахнаға шықса. Кеш соңында Нұрбол Темірғалиев орындаған «Атамекен» әні көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Бұл кеш – батыр рухына тағзым етіп, ұлт жадындағы мәңгілік бейнені қайта жаңғыртқан тағылымды шара болды. Әлияның ерлік даңқы – бүгінгі күннің айнымас шамшырағы.
– Әлия – тарихтың ғана емес, жүректің батыры. Оның ерлігі ұлт рухының өлшеміне айналды. Біз үшін Әлия – мәңгілік үлгі, – дейді шара соңында кешті ұйымдастырушы – Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің мамандары.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

