Хирургия мен медициналық білімнің дамуына арналған кездесу
Қарағанды қаласында медицина саласының кәсіби қауымдастығы ерекше назар аударған ірі халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл маңызды шара көрнекті ғалым, профессор Хафиз Жаңабайұлы Мақажановтың 110 жылдығына және Қарағанды медициналық университетінің 75 жылдық мерейтойына арналды. Конференция аясында шетелден келген жетекші хирургтар мен ортопед мамандар тәжірибе алмасып, медициналық білім мен практиканың өзекті мәселелерін талқылады.
Халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби тәжірибе алмасуға негізделген маңызды шаралардың бірі — травматология мен ортопедия саласындағы конференция жоғары деңгейде өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен және Қазақстандық травматолог-ортопедтер қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиынға Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея мен Жапониядан келген танымал ғалымдар мен білікті хирургтар қатысып, өзара тәжірибе бөлісті.
— Бұл конференция — жаңа білім алып, тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаң. Ол елімізде, соның ішінде Қарағанды өңірінде заманауи технологияларды енгізуге айтарлықтай үлес қосады. Қазақстанда қазіргі медициналық технологияларды қолдану бойынша үлкен клиникалық тәжірибе қалыптасқан. Мұнда ұсынылған құрылғылардың барлығы — ең озық жетістіктер, оның ішінде жасанды интеллект пен роботтандырылған жүйелер де бар. Бұл технологиялар дәрігердің қателесу мүмкіндігін азайтып, ең күрделі операцияларды аса дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді, –деді Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов.
Қазақстанда алғаш рет өтетін конференция аясында кадаверлік курс ұйымдастырылмақ. Бұл – хирургтар үшін бірегей мүмкіндік, өйткені олар анатомиялық материалмен тікелей жұмыс істеп, әлемнің алдыңғы қатарлы медициналық орталықтарындағыдай жағдайда күрделі операцияларды орындау машығын шыңдай алады.
— Хафиз Мақажановтың 110 жылдығына арналған бұл конференция тек травматология саласына ғана емес, жалпы денсаулық сақтау жүйесіне де жаңа серпін беретіні анық. Мұнда сарапшылар өзара ой-пікір алмасып қана қоймай, заманауи практикалық әдістерді меңгеру мүмкіндігіне ие болып отыр. Біз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, медицинадағы ең озық, заманауи тетіктерді алдағы уақытта денсаулық сақтау саласына кеңінен енгізуге ниеттіміз, –дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков.
Конференция аясындағы көрмеде Қазақстандық ғылыми орталық өздерінің соңғы жетістіктерін кеңінен таныстырды. Роботтық хирургия, 3D-жоспарлау, жасушалық технологиялар мен ревизиялық эндопротездеу салаларындағы инновациялық нәтижелер көрмеге қойылды. Бұл шарада әлемдік травматология мен ортопедия саласындағы ең озық технологиялар мен әдістерді көрсетуге ерекше мән берілді.
— Конференция барысында ірі буындарды алмастыруға арналған роботтық жүйелер таныстырылды. Қазіргі таңда мұндай операциялар Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында сәтті жүзеге асырылып келеді. Өткен жылдың қыркүйегінен бері Қазақстанда осындай 400-ден астам операция табысты орындалды, –деп атап өтті «APEX C°» ЖШС компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Андрей Хиловский.
— Біздің роботтық жүйелер ықшам әрі қолдануға өте ыңғайлы, ота кезінде артық орын алмайды. Сонымен қатар, 3D-жоспарлау арқылы операцияны автоматты түрде жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді, –деп өз өнімін «Ningbo Hieren Biotechnology» компаниясының Ресей мен Орталық Азия бойынша сату директоры Хуан Слава таныстырды.
Халықаралық деңгейдегі бұл жиын Қарағандыны ғылым мен білім алмасудың іргелі орталығына айналдырды. Конференция жаңа технологияларды енгізу мен медициналық туризмді дамытуға үлкен серпін берері сөзсіз.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»