Халықаралық тәжірибе: Қарағандылық психологтар әлемдік стандартқа үйренуде

Қарағандыда психикалық денсаулық саласындағы мамандарға арналған ерекше дәріс өтті. Оны АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінің психология ғылымдарының докторы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Глория Педерсон жүргізді.

Маманның айтуынша, дәріс мақсаты — жергілікті психологтарға халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуді, травмамен жұмыс істеу әдістерін және адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатудың тиімді тәсілдерін үйрету.

Психикалық денсаулыққа қатысты үш негізгі проблема

Глория Педерсон — жаһандық психикалық денсаулық мәселелерімен айналысатын тәжірибелі зерттеуші әрі практик. Ол бұған дейін Еуропа, Азия және Африка елдерінде семинарлар өткізген. Ал Қазақстанға алғаш рет келіп, елдің психикалық денсаулық жүйесіндегі бірқатар олқылықтарға назар аударды.

– Бірінші проблема – психикалық денсаулық бойынша қызметтер мен мамандарға еркін қол жеткізудің шектеулі болуы. Екінші – психикалық аурулары бар адамдарға көмек көрсетуде қауіпсіздік стандарттарының жоқтығы және бұл көмектің бастапқы медициналық жүйеге енгізілмеуі. Үшінші – қоғамда психикалық ауруларға қатысты теріс көзқарас пен стигманың сақталуы, – дейді ДДСҰ сарапшысы, психология ғылымдарының докторы Глория Педерсон.

Оның пікірінше, Қазақстанда қоғам әлі де психикалық ерекшелігі бар адамдардан алшақ жүруге тырысады. Кейде ондай жандарды оқшаулап, қоғамнан алыстатуға бағытталған пікірлер де жиі айтылады.

Халықаралық дағдылар – жергілікті мамандарға үлгі

Семинарды ұйымдастырған Қарағанды облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары бұл кездесудің практикалық маңызы зор екенін айтады. Мұндағы басты мақсат – жергілікті психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді дүниежүзілік деңгейде қолданылатын базалық психологиялық көмек көрсету тәсілдеріне үйрету.

– Бұл оқытудан кейін дәрігерлер, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлер психологиялық алғашқы көмекті өз бетінше көрсете алады. Бұл құралдар ДДСҰ мен ЮНИСЕФ бағдарламасы аясында әзірленген. Психологияға қатысты 15 базалық дағды бар, олар әмбебап әрі кез келген елге бейімдеуге болады. Біз бұл бағытта әлі жолдың басындамыз, – деді “Денсаулық үшін серіктестер” менталды денсаулық бағдарламасының үйлестірушісі Серік Қожабеков.

Қазақ тіліндегі тренингтер жолға қойылады

АҚШ пен Қазақстанның бірлескен жобасы – «Денсаулық үшін серіктестер» ұйымы жақында ғана құрылды. Кеңсесі Алматыда орналасқан. Алдағы уақытта ұйым халықаралық нұсқаулықтарды қазақ тіліне аударып, өңірлерде тренерлер дайындауды жоспарлап отыр.

Бұл мамандар кейін медициналық және әлеуметтік қызметкерлерге психикалық ауытқуы бар адамдарға зиян келтірмей көмек көрсетудің тиімді жолдарын үйрететін болады.

Психикалық денсаулық – қоғамның рухани және әлеуметтік тұрақтылығының маңызды бөлігі. Глория Педерсонның айтуынша, Қазақстан халықаралық тәжірибені жүйелі түрде енгізсе, бұл салада үлкен нәтижеге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»