Тілге құрмет – тәуелсіздікке тағзым
Биыл қазақ халқы үшін ерекше тарихи кезең. Егемендік Декларациясының қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл – еліміздің тәуелсіздікке бастаған алғашқы әрі маңызды қадамының айғағы. Тарих үшін отыз бес жыл аз уақыт болғанымен, бұл аралықта Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, халықаралық қауымдастықта өз орнын айқындады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ұлытауда өткен І Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде:
«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», – деген болатын.
Мемлекет басшысының осы бастамасы халықтың рухын көтеріп, ел тарихына деген құрметті арттыра түсті. Егемендік Декларациясы – Қазақстанның тәуелсіздікке бет алған алғашқы заңдық және саяси тұғыры, халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысының көрінісі.
Осы айтулы мереке қарсаңында Қарағанды қаласының әкімдігі мен «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Үздік тыңдаушы – 2025» атты қалалық байқау өтті. Шара мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылық танытқан ересек тұрғындар арасында өткізілді.
Байқауға А2 деңгейін сәтті аяқтаған тыңдаушылар қатысып, өз білімдерін, тіл үйренудегі жетістіктерін және мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсетті. Қатысушылар түрлі тапсырмалар орындап, қазақ тілінде еркін сөйлесу, ойды жүйелі жеткізу және грамматикалық сауаттылық бағытында бақ сынасты.
– Республика күніне орай «Үздік тыңдаушы – 2025» байқауы өткізіліп жатыр. Бұл жарыс арқылы біздің орталықтан қазақ тілін үйренушілердің қандай деңгейге жеткенін де білетін боламыз. Бұл дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жоба алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Қазақ тілін үйренемін деушілерге біздің есігіміз әрқашан ашық, – деді Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді дамыту орталығының директоры Эльмира Сайлауқызы.
Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру, сонымен қатар қоғамның барлық саласында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, оның әлеуметтік және мәдени мәртебесін арттыру болды.
Байқау барысында қатысушылар өздерінің тілді меңгеру деңгейін көрсетіп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына да ерекше көңіл бөлді. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың жаны, рухани өзегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталып, ұйымдастырушылар олардың еңбегін жоғары бағалады.
Шара соңында «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге ынта танытқан барлық қатысушыларға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да осындай мазмұнды іс-шаралар жалғасын табатынын атап өтті.
Мемлекеттік тіл – елдіктің, бірліктің және рухани тұтастықтың символы. Егемендік мерекесі мен тіл байқауының үндесіп өтуі – Қазақстан халқының тәуелсіздік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметінің айқын көрінісі.