«Сейіл сазы» – жүректерге сіңген әуен
Қарағанды қаласының Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде қазақ эстрадасының көрнекті өкілі, әнші-композитор Сейіл Аяғанды еске алуға арналған «Сейіл сазы» атты шығармашылық кеш өтті. Бұл шара халық жадындағы дара өнер иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған рухани тағзым кеші болды.
Кеш барысында сазгердің елге белгілі әндері шырқалып, көрермен көңілін толқытқан сағыныш пен құрметтің ерекше лебі сезілді.
Сейіл Аяған – ұлттық эстрада өнерінде өз орнын ойып тұрып алған тұлға. Ол тек орындаушы емес, сонымен қатар шебер композитор ретінде де халық жүрегіне жол тапты. Оның «Жас қалам», «Жіберілген хат», «Қандай сұлу дүние», «Таң самалы» сияқты туындылары тыңдарманның сүйіспеншілігіне ие болып, ел арасына кеңінен тарады. Әр әнінің өз айтары, өз әсері бар. Сазгердің шығармаларында қазақы болмыс пен нәзік сезім, өмірдің терең философиясы көрініс табады. Сондықтан да оның әндері жылдар өтсе де ескірмей, жаңа ұрпақтың жүрегінен орын табуда.
Кеш шымылдығы ақын Тілеген Әділовтің «Жылауық» атты әсерлі өлеңімен ашылды. Өлеңнің әр жолы көрерменнің көңілін босатып, кештің мазмұнын айқындай түсті. Одан кейін сахна төрінде Сейіл Аяғанның бейнесі экраннан көрініп, зал толы көрермен үнсіздікпен еске алды.
Кеш барысында жергілікті өнерпаздар мен шәкірттері сазгердің танымал әндерін орындады. Әр туындыны тыңдарман ыстық ықыласпен қабылдап, кейбірі бірге қосылып ән шырқады. Cахнаға композитордың жұбайы, өмірлік серігі Қымбат Түсіпбекова көтеріліп, ұйымдастырушылар мен көрермен қауымға ризашылығын білдірді.
– Сейілдің әндері оның өмірінің жалғасы. Ол кеткенімен, өнері халықпен бірге. Бүгінгі кеш соның айқын дәлелі», – деді ол тебірене.
Қымбат апайдың бұл сөзі көптің көңілін елжіретті. Шынында да, Сейіл Аяғанның әндері ел есінде мәңгі жаңғырып тұр.
Сейіл Аяғанның өнері – ұлт рухының бір бөлшегі. Ол қазақ музыкасына өзіндік өрнек қалдырған, шынайылық пен сезімге толы әуендерді өмірге әкелген тұлға.
«Сейіл сазы» кеші – оның шығармашылығын ұлықтаудың, қазақ өнеріне деген құрметтің белгісі. Ән мен саз арқылы халықтың жадында мәңгі қалған есім иесін еске алу кеші көрерменге зор әсер сыйлады.
Сейілдің өмірі мен өнері кейінгі ұрпақ үшін өнеге, адалдық пен еңбектің символы. Ол кетті, бірақ оның үні қалды. Ол үн – қазақ даласында мәңгі жаңғырып тұратын рухани мұра.
Ералы ҒАНИ,
«QH»