Қарағанды театрының жаңа белесі
Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрының қуыршақтар труппасы Алматы қаласында өткен III Almaty Puppet Festival халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үздік нәтижеге қол жеткізді.
Аталмыш фестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен Италия, Испания, Түркия, Польша, Грузия, Чехия және тағы басқа 16 елдің шығармашылық ұжымы қатысып, өздерінің үздік қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Бұл шара әртүрлі елдердің мәдениеті мен театр дәстүрлерін тоғыстырған, қуыршақ өнерінің жаңа тынысын ашқан айтулы мәдени оқиға болды.
Фестиваль барысында әр театр труппасы көрермен қауымға өздерінің ең сәтті қойылымдарын сахналап қана қоймай, түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасу алаңында кәсіби тұрғыда шыңдалды.
Қарағандылық қуыршақ шеберлері көрермендерге әйгілі ертегіні заманауи өңдеуде қойған «Қаршақыз және жеті ергежейлі» («Белоснежка и семь гномов») спектаклін ұсынды. Қойылым барысында кейіпкерлердің бейнелерін дәл беру, көркемдік безендіру және сахналық қимылдың үйлесімі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде Қарағанды театры «Үздік суретші» номинациясында жеңімпаз атанды.
– Бұл түрлі елдерден келген әріптестермен шығармашылық тоғысуға мүмкіндік берген ерекше шара болды. Фестивальдің атмосферасы жылы, ынтымақ пен шабытқа толы еді. Біздің қойылымды көрермен үлкен сүйіспеншілікпен қабылдады. Мұндай халықаралық деңгейдегі фестивальге қатысу – Қарағанды өңірінде қуыршақ өнеріне жан-тәнімен берілген, кез келген жастағы көрерменді таңғалдыруға қабілетті талантты әртістердің бар екенін көрсетуге тамаша мүмкіндік, – дейді труппа жетекшісі Динара Аманова.
Айта кетсек, Қарағанды қуыршақ труппасы – аймақтағы ең жас театр ұжымы. Бар-жоғы үш жыл бұрын құрылған труппа бүгінде шығармашылық белсенділіктің айқын үлгісіне айналып отыр. Құрамында сегіз әртіс бар, олардың барлығы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері. Осы қысқа уақыт ішінде олар сегіз түрлі спектакль сахналап, жаңа қойылымдармен репертуарын толықтыруды жалғастырып келеді.
Жас ұжымның кәсіби ізденіс пен ынта-жігерінің арқасында Қарағанды театрының қуыршақ труппасы бүгінде тек елімізде ғана емес, шетел сахналарында да өз өнерін паш етіп жүр. Бұл жеңіс – қазақстандық қуыршақ өнерінің әлеуетін көрсеткен, жас әртістердің еңбегін мойындатқан үлкен жетістік.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

