ҚҚС өсімі және автонарықтағы баға: не күтеміз?

Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуі туралы жоспар қоғамда үлкен талқылау туғызды. Бұл әсіресе автонарыққа әсер етпей қоймайды. Себебі соңғы жылдары қазақстандықтардың 60%-ы көлікті несиеге алып отыр — өткен жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 36% еді. Ендеше, ҚҚС өсімі автонесиелердің құнына қалай әсер етеді? Көлік бағасы қаншалықты қымбаттайды? Сарапшылар пікірі бұл жөнінде әртүрлі.

Мамандардың айтуынша, автонесиелердің құны тікелей ҚҚС-қа емес, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты. Сондықтан салықтың өсуі несиенің пайыздық мөлшерлемесіне айтарлықтай әсер етпейді. Бірақ көлік бағасына қатысты жағдай басқаша. Логикаға сүйенсек, ҚҚС 12%-дан 16%-ға көтерілсе, жаңа көліктердің бағасы шамамен 4%-ға қымбаттауы мүмкін. Бұл ретте өзгеріс жеке тұлғалар арасындағы екінші нарықтағы көліктерге әсер етпейді, тек ресми дилерлер сататын жаңа көліктерге қатысты болмақ.

Алайда салық сарапшысы Айжан Балакешованың айтуынша, нарық заңы бойынша баға тізбекті түрде өседі. «Мұның бәрі нарықтағы бәсеке мен баға саясатына байланысты. Жалпы алғанда, бұл өзгеріс бірінші кезекте жаңа көліктерге қатысты болады. Бірақ дәл осы жерде пәтер нарығындағы жағдай қайталануы мүмкін: бастапқы нарықтағы баға өскен соң, екінші нарық та қымбаттайды. Яғни жаңа көлік қымбаттаса, қолданылған көлік те арзандамайды. Жалпы инфляция бәрібір болады. Ал оның әсері аз болмайды. Қазірдің өзінде көптеген тауарлар 30-50%-ға дейін қымбаттап жатыр», – дейді сарапшы.

Қаржыгер Арман Бейсембаев та бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, ҚҚС – тұтыну салығы, яғни ол өндірушіден бастап соңғы сатып алушыға дейінгі тізбекке енгізіледі. «Тізбектегі әрбір қатысушы ҚҚС төлейді, сондықтан салық мөлшерлемесінің көтерілуі тек 16%-бен шектелмейді, оның жиынтық әсері әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Қазірдің өзінде өндірушілер мен сатушылар болашақ өсімді есепке алып, бағаны алдын ала көтеріп жатыр. Бұған қоса, инфляция, бюджет шығындары және тұтыну белсенділігі де өз ықпалын тигізуде. Соның салдарынан бағаның өсуі 16%-дан әлдеқайда жоғары болуы ғажап емес», – дейді ол.

Дегенмен, автомобиль саласында белгілі бір теңгерім болуы мүмкін. Себебі соңғы жылдары елде бірнеше жаңа автокөлік құрастыру зауыты ашылып, өндіріс көлемі артып келеді. Бұл туралы автоэксперт, «За рулём» журналының бас редакторы Алексей Алексеев былай дейді: «Менің ойымша, автонарықта аса үлкен өзгеріс болмайды. 2026 жылы 200–210 мың көлік сатылады деп болжануда, мүмкін одан да көп. Халықтың көлікке деген сұранысы жоғары болып қала береді. Біз көлік пен бензин қымбаттады дейміз, бірақ Алматы мен Астананың көшелеріндегі тығын азайған жоқ. Демек, сұраныс әлі де жоғары. Біздің халықты баға өсімімен қорқыта алмайсың», – дейді ол.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында жаңа көліктердің сатылымы өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артқан. Қазір елдегі автопарк көлемі 6,5 миллионға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш автонарықтағы белсенділіктің жоғары екенін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, сарапшылардың басым бөлігі ҚҚС өсімінің автокөлік бағасына тікелей әсер ететінін мойындайды. Бұл инфляциялық қысымды күшейтіп, нарықтағы бағаның біртіндеп көтерілуіне әкелмек. Дегенмен, жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен бәсекенің артуы бағаның шектен тыс өсуіне жол бермеуі мүмкін. Қалай болғанда да, салық реформасы тек автонарыққа емес, бүкіл тұтыну нарығына ықпал етері анық.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»