Астаналықтар Қарағанды өнімдерінің дәмін татты
Елордада Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Облыстың жеті ауданынан және бірнеше қаласынан келген 90-нан астам өндіруші өздерінің өнімдерін таныстырып, сатты. Шараның басты мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету болды.
Қарағандыда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қарқынды өтті. Қарқаралы тас жолы бойындағы ипподром алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 560 тоннадан астам өнім жеткізілді. Ет, сүт, көкөніс, жұмыртқа, балық және қайта өңделген тағам түрлері тұрғындарға ұсынылып, бағалары нарықтан 15–20 пайызға төмен болды.
— Жыл сайын егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері дәстүрлі түрде жәрмеңкелер өткізеді. Бұл жәрмеңкелерде өнімдер делдалсыз, яғни тікелей өндірушіден тұтынушыға ұсынылып, нарық бағасынан 10–15 пайызға төмен сатылады. Биылғы жылы Астана қаласына 160 тоннадан астам ет, 400 тонна көкөніс пен картоп, 200 мың дана жұмыртқа және 100 тонна сүт өнімдері жеткізілді, –дейді Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Қарқаралы ауданынан да бірқатар шаруа қожалықтары белсенді түрде атсалысты. Солардың қатарында Темірші ауылдық округінен келген Жасұлан Рахымбеков те бар. Ол елорда тұрғындарына 2 тоннадан астам ірі қара, жылқы және қой етін ұсынған. Аудан өкілдерінің айтуынша, Қарағанды облысының табиғи, сапалы өнімдері жыл сайын жоғары сұранысқа ие болып келеді.
— Біз Қарқаралы ауданынан келіп отырмыз. Астана жәрмеңкесіне үшінші рет қатысып отырмыз. Ауылдан ірі қара, жылқы және қой етін алып келдік. Жалпы көлемі 2 тоннадан асады. Әсіресе, жылқы етіне сұраныс өте жоғары. Қазіргі таңда әр килограмын 3 мың теңгеден саудалап жатырмыз. Бұл — халық үшін сапалы өнімді тиімді бағамен алу мүмкіндігі, –деп өз ойымен бөлісті Қарқаралы ауданы, Темірші ауылдық округінің әкімі Жасұлан Рахымбеков.
Астаналықтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ерекше қызығушылық танытты. Келушілер ұсынылған тауарлардың қолжетімді бағасына және сапасына жоғары баға беріп, жәрмеңкенің тиімді екенін атап өтті.
— Бүгінгі жәрмеңке өте жақсы ұйымдастырылған, бағалары қолжетімді, ет пен сүт өнімдері сапалы әрі дәмді. Мұндай шаралар біз, зейнеткерлер үшін өте қажетті әрі пайдалы. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, –деді Астана қаласының тұрғыны Гүлжан Каюбалиева.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жәрмеңкелер өңірлік ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын кеңінен көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, елордалық нарықтағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

