Қысқа дайындық басталды

Қарағандыда қысқы маусымға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Аудандық әкімдіктер жолдар мен тротуарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолға алды.

Мәселен Әлихан Бөкейхан ауданында көктайғақ кезеңінде 25 мың тонна құм-тұз қоспасын төгу жоспарланған. Ал алғашқы дайын қоспа қауіпті жол учаскелеріне көктайғақтың алғашқы белгілері байқалған сәтте себіле бастайды.

– Қазіргі таңда қыс маусымына 10 мың тоннадан астам құм-тұз қоспасы дайындалды. Бұл жолдар мен тротуарларды көктайғақтан қорғау және апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында пайдаланылады, – деді ауданның ТҮКШ және тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Азат Ақынов.

Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар жол-көлік оқиғалары мен жарақаттану санын азайтуға сеп болады. Ал жүргізушілер құм-тұз құрамын қадағалап, көлік сыртын зақымдайтын ірі тастардың болмауын сұрайды.