Полицейлер қазақ тілін меңгеруде
«Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы» ұйымдастыруымен Қарағанды қалалық полиция басқармасының Орталық полиция бөліміндегі өзге ұлт өкілдерінен тұратын он бес қызметкері қазақ тілін оқытудың А1 деңгейі бойынша курстан өтті.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Аталған бағдарлама аясында 2021 жыл басынан «Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы» ұйымдастыруымен Қарағанды қалалық полиция басқармасының Орталық полиция бөліміндегі өзге ұлт өкілдерінен тұратын он бес қызметкері қазақ тілін оқытудың А1 деңгейі бойынша курсқа қатысып, тапсырған емтихандарының нәтижесі бойынша оларға сертификаттар тапсырды. Сертификаттарды табыстай отырып, Орталық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция полковнигі Берик Бектасов:
— Тіл үйрену — үлкен өнер. Барша курс тыңдаушыларының алған білімдері практика жүзінде іске асыратынына сенемін,- деп өз ойын білдірді.
Жиын соңында курс қатысушылары тіл курсын бітірушілер оқуға мүмкіндік жасағандары үшін «Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы» басшылығына шексіз ризашылықтарын білдірді.
Гүлназия ҚҰРАЛБЕК,
Орталық полиция бөлімі.