Нашақорлыққа жол жоқ: жастармен ашық әңгіме
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде студенттерге арналған нашақорлықтың алдын алу тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараны Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Қарағанды облысының Полиция департаменті бірлесе ұйымдастырды. Бұл — мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының тиімді серіктестігінің айқын көрінісі. Шара өскелең ұрпақты есірткіге қатысты әлеуметтік қауіптерден қорғауға бағытталған.
Кездесуде «Жаңа түрдегі есірткілер және жастар арасындағы нашақорлық проблемасы» тақырыбы кеңінен талқыланды. Студенттерге қазіргі таңда «қара нарықта» кең таралып жатқан синтетикалық есірткілердің түрлері мен олардың ағзаға тигізетін қауіпті әсері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Спикерлер бұл заттардың ойлау қабілеті мен физикалық белсенділікті төмендететінін, ауыр созылмалы ауруларға және кейде қайғылы жағдайларға әкеп соғатынын нақты мысалдармен түсіндірді. Кездесудің жеке блогы есірткіге қатысты құқықтық жауапкершілікке арналды. Жастарға есірткі заттарын тұтыну, сақтау немесе тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке алып келетіндігі ескертілді. Полиция қызметкерлері нақты оқиғаларға сүйене отырып, заң бұзушылықтың салдарын нақты әрі түсінікті түрде жеткізді. Іс-шарада негізгі баяндама жасаған Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты — Равиль Садыков жастарды жауапкершілікке шақырып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.
— Бүгінгі кездесу арқылы біз студенттерге маңызды ой жеткізгіміз келді. Нашақорлық — тек денсаулыққа ғана емес, болашаққа да қауіп төндіретін күрделі мәселе. Қуантатыны — жастардың қызығушылық танытып, белсенді түрде қатысқаны. Ашық диалог пен нақты ақпарат олардың дұрыс бағытта дамуына ықпал етеді, -деді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты — Равиль Садыков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастар арасында нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қажет жағдайда қолдау сұрауға болатынын көрсетуге бағытталған. Жастармен тұрақты жұмыс жүргізу — олардың саналы және жауапты азамат болып қалыптасуына сеп болады.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»