Қарағандыда цифрлық туризм дамуда: жаңа qazeli.kz платформасы іске қосылды
Қарағанды облысында туристерге арналған qazeli.kz атты жаңа онлайн-платформа іске қосылды. Бұл – Қазақстанда әзірленген алғашқы аймақтық цифрлық туризм экожүйесінің маңызды бөлігі.
Жоба қонақүйлер мен демалыс орындарын брондауды, экскурсия жетекшілерін, туристік агенттіктердің ұсыныстарын және өңірдегі көрікті жерлер жөніндегі ақпаратты бір жүйеге біріктіреді. Енді туристер бір батырмамен маршрут таңдап, баспана не экскурсияға тапсырыс беріп, өңір туралы нақты ақпарат ала алады.
Жаңашыл сервистің таныстырылымы Қарағанды облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өтті.
– Біздің мақсатымыз – қазақстандық туризмді барынша қолжетімді ету. qazeli.kz жүйесі қарапайым әрі қауіпсіз, төлем жасау да ыңғайлы. Пайдаланушылар мен агенттіктер шынайы ақпарат алады, бұл саяхаттан ләззат алуға мүмкіндік береді, – деді «R-TOUR.KZ» ЖШС директоры Рустам Бикбаев.
Оның айтуынша, қосымшаны әзірлеу барысында жасанды интеллект элементтері пайдаланылып, әлемнің 50-ден астам туристік платформасы зерттелген. Нәтижесінде пайдаланушыларға отбасы мүшелерінің жас ерекшелігі мен қонақүй жүктемесін ескеретін ыңғайлы брондау жүйесі жасалды.
– Көптеген адамдар бронь жасағанда балалардың тұру ақысы дұрыс есептелмейтін жағдайға тап болады. Біз үш жас санатын енгізіп, баға жүйесін нақтыладық. Бұл – «2+2» форматындағы жаңа отбасылық сегментті қалыптастырады, – деп түсіндірді Рустам Бикбаев.
qazeli.kz платформасы арқылы Балқаш көлі мен Қарқаралы сияқты өңірдің танымал туристік бағыттары ерекше назарда болмақ. Сонымен қатар облыста жасанды интеллектке негізделген тәулік бойы жұмыс істейтін чат-бот іске қосылды. Ол туристерге демалыс орындары, көлік бағыттары, тамақтану нүктелері және қауіпсіздік ережелері туралы жедел ақпарат ұсынады.
– Туризмді цифрландыру – бұл енді тренд емес, қажеттілік. Біздің міндет – адамдарға қызмет ететін толыққанды цифрлық туризм экожүйесін қалыптастыру. Мұнда мемлекет, бизнес, IT-сектор және саяхатшылардың үйлесімді іс-қимылы қажет, – деді Қарағанды облысы Туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда ұлттық деңгейдегі цифрлық шешімдер де кеңінен енгізілуде. Kazakhstan.travel порталы сегіз тілде қызмет көрсетсе, eQonaq жүйесі туристерді тіркеуді жеңілдетіп, саладағы ашықтықты қамтамасыз етеді.
Жаңа жобаның іске қосылуы Қарағанды облысының туристік имиджін арттырып, ішкі туризмнің дамуына серпін бермек.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»