Ұстаз еңбегіне тағзым – ел болашағына құрмет
Қарағандыда Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Кеншілер мәдениет сарайында ұйымдастырылған мерекелік шарада облыстың үздік педагогтары мен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді.
Қарағанды облысында бүгінде 24 мыңнан астам мұғалім жас буынға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге атсалысып келеді. Мерекелік шара аясында ұстаздық жолда ерекше табысқа жеткен педагогтарға марапаттар табыс етілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстаз мәртебесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Педагогтардың әлеуметтік жағдайы мен кәсіби беделін көтеру – ел болашағына жасалған инвестиция, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өз құттықтау сөзінде.
Биылғы мерекеде алғаш рет ғасырдан астам тарихы бар білім ордалары мен үздік олимпиадалық мектептер ерекше аталып өтті. Сондай-ақ бес ұстазға «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгісі мен қаржылай сыйақы табысталды.
Тарихы терең білім ордаларының қатарында Қарқаралы ауданының Қарағаш ауылындағы №28 мектеп, Саран қаласындағы Абай атындағы жоғары гуманитарлық-техникалық колледж және тағы екі ауылдық мектеп бар. Бұл ұжымдарға 15 миллион теңге көлемінде сертификаттар берілді.
– Біздің мектебіміздің тарихы 100 жылдан асады. Алғашында екі бөлмелі шағын үйден басталған оқу орны кейін ел ағаларының еңбегімен өркендеді. Бүгінде біз өткеннің өнегесін жалғастырып, жас ұрпаққа сапалы білім беруді басты міндет санаймыз, – дейді Қарқаралы ауданы Қарағаш ауылындағы №28 мектеп директоры Асқар Мұздыбаев.
Білім бәйгесінде озық шыққан бес олимпиадалық мектеп те 15 миллион теңгелік сертификатқа ие болды. Ал ұзақ жылғы еңбегімен танылған ұстаздардың бірі – Ғ.Мұстафин атындағы мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Любовь Горбунова. Ол «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
– Біз әртүрлі жағдайда еңбек еттік, бірақ айлықты емес, балалардың жетістігін ойладық. Мектеп – менің өмірім. Оқушыларыммен қайта жолығып, олардың балаларына сабақ беру – ең үлкен қуаныш, – дейді ұстаздық жолда 43 жыл еңбек еткен Любовь Васильевна.
Мерекелік кеште сахна төріне шыққан ардагер ұстаздарға гүл шоқтары табысталып, жас педагогтарға ізгі тілектер айтылды.
Бүгінде Қарағанды өңірінде білім саласының дамуына зор үлес қосып жүрген ұстаздар қауымы қоғамдағы ең құрметті және жауапты мамандық иелері екені тағы бір мәрте айқындалды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

