Қазақтың алғашқы ғарыш симуляциясы: «SANA-1» жобасы басталды

Астанадағы ғарыш орталығында еліміз үшін тарихи маңызы зор «SANA-1» ғылыми-зерттеу жобасы іске қосылды. Бұл – Қазақстанда алғаш рет жүзеге асып отырған экипаждың ұзақ уақыттық оқшаулану тәжірибесі. Эксперимент барысында қатысушылар ғарыштық ұшу жағдайына барынша жақын ортада зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Экипаж құрамы:

Юлия Бакирова – экипаж командирі, «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялардың ұлттық орталығы» АҚ реактивті қозғалыс зертханасының аға ғылыми қызметкері.

Әсем Қуандық – сол орталықтың жылуоқшаулағыш материалдар зертханасының ғылыми қызметкері.

Дарья Комарова – «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» АҚ ұшу мен техникалық жағдайды бақылау бөлімінің жетекші инженері.

Линара Жәдгерова – «Ионосфера институты» ЖШС космо- және геофизикалық зерттеулер зертханасының инженері.

Ғылыми бағдарламаның жетекшісі – психология саласының PhD докторы, КБТУ жанындағы AI Lab зертханасының басшысы Алина Гуторева.

Зерттеу аясында ғалымдар 10 тәулік бойы арнайы құрылған жерүсті ғарыш кемесінің макетінде өмір сүріп, медициналық, когнитивтік және топтық зерттеулер жүргізеді. Бұл құрылғыны Eurasian Space Ventures компаниясы Қазақстанның ғарышкері, еліміздің батыры Айдын Айымбетовтің бастамасымен әзірлеген.

«SANA-1» миссиясының маңызы

Жоба Қазақстанда ғарыштық зерттеулер бойынша ұлттық ғылыми база қалыптастыруға және болашақ ғарыш миссияларына мамандар даярлауға бағытталған. Сонымен қатар, STEM бағыттарын жастар арасында кеңінен насихаттау мен әйелдердің ғарыш ғылымына қатысуын арттыруды көздейді. Бұл – гендерлік теңдікке бағытталған жаңа қадам.

«SANA-1» – қазақстандық ғарыш ғылымының жаңа кезеңін бастап берген ерекше бастама.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»