Рухани келісім – бірлік пен бейбіт өмірдің негізі
Қазақстан – көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Ел тәуелсіздігінің ең басты жетістіктерінің бірі – қоғамда орныққан бейбітшілік пен келісім мәдениеті. Осы тұрғыда жыл сайын 18 қазанда атап өтілетін Рухани келісім күні – халқымыздың ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, бірлік пен татулықты ту еткенінің айғағы. Бұл күн – тек діни толеранттылықтың немесе ұлтаралық достықтың символы ғана емес. Бұл – қоғамдағы өзара сыйластықты, ашықтық пен түсіністікті, рухани биіктікті насихаттайтын маңызды дата. Әрбір азаматтың жүрегінде мейірімділік пен ізгілік отын жағуға үндейтін ерекше мереке.
Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі – тек білім ордасы ғана емес, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін, әрбір жастың тұлғалық дамуына серпін беретін инновациялық оқу кеңістігі. Біздің мақсатымыз – заман талабына сай білікті маман ғана емес, сонымен қатар өз мәдениеті мен өзге халықтардың салт-дәстүріне құрметпен қарайтын, қоғамда бейбітшілік пен келісімді бағалай білетін ұрпақты тәрбиелеу. Колледж қабырғасында түрлі ұлт өкілдері бірге білім алады. Бұл – өзара түсіністік пен мәдениетаралық диалогты дамытуға үлкен мүмкіндік. Біз студенттерге тек кәсіби білім беріп қана қоймай, оларды төзімділікке, өзгелердің пікірі мен көзқарасына құрметпен қарауға баулимыз. Осы мақсатта колледжде «Рухани келісім – тұрақтылық кепілі» тақырыбында ашық тәрбие сағаттары, пікірсайыс клубтары, этномәдени шаралар, кездесулер және дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді. Жастар – ел болашағы. Олардың бойында мейірімділік, әділдік, сабырлылық, өзара көмек пен ынтымақтастық сияқты қасиеттерді қалыптастыру – ұстаздардың да, ата-аналардың да, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Рухани келісім – тек идеологиялық ұран емес, ол – нақты іс-әрекеттерден көрініс табуы тиіс. Біз әр студентке тек білім беріп қана қоймай, оның адамгершілік әлеуетін арттыруға, ішкі жан дүниесін байытуға бар күшімізді салып келеміз. Қазіргі әлемде түрлі қақтығыстар, алауыздық пен түсініспеушілік жиі кездеседі. Осындай кезеңде рухани келісім мен ішкі тұрақтылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Біздің еліміз – татулық пен бірліктің, ұлтаралық келісімнің үлгісін көрсетіп отырған мемлекет. Бұл –Президентіміз ұстанған сарабдал саясаттың жемісі, халықтың саналы таңдауы. Бүгінгі Рухани келісім күні – біз үшін тағы бір ой түйетін, бірлігімізді бекемдейтін, жүректерімізді жақындататын ерекше күн. Осы мереке әрбір қазақстандықтың санасында мейірімділік, достық, бейбітшілік ұғымдарын нығайтсын деймін. Баршаңызды рухани татулық пен келісімді қадірлей білуге, адамгершілік пен ұлт бірлігін ардақтауға шақырамын. Бірлігіміз бекем, рухымыз биік болсын!
Алма ТЕМІРБОЛАТОВА,
Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры