Қарағанды – рухани мұра орталығы
Аймақтық семинарда материалдық емес мәдени мұраны сақтау тетіктері талқыланды. Қарағандыдағы Достық үйінде материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) сақтау және насихаттау мәселелеріне арналған өңірлік семинар-кеңес өтті. Шараны Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық демалыс және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
Семинарға 30-дан астам қатысушы – шығармашылық және ғылыми қауым өкілдері, қолөнер шеберлері, этнографтар, тарихшылар, кітапханашы-өлкетанушылар, журналистер мен азаматтық қоғам мүшелері жиналды.
ЮНЕСКО жанындағы материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Рустам Музафаров өз сөзінде еліміздің бес өңірінде жүзеге асып жатқан пилоттық жоба туралы айтты.
– ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып, бес пилоттық облыста арнайы жобаны бастау туралы шешім қабылданды. Қарағанды облысы осы өңірлердің бірі ретінде таңдалып отыр. Біз бұл аймақты қазақ мәдениетінің алқасындағы жарқыраған гауһар тасындай көреміз. Сарапшылардың жұмысы қолөнершілер мен сала мамандарына нақты қолдау көрсетуге бағытталған, – деді ол.
Семинардың басты мақсаты – Қарағанды облысындағы материалдық емес мәдени мұра элементтерін өзектендіру, ЮНЕСКО тізіміне енгізуге арналған номинациялық досьелерді дайындау және дәстүр иелері мен сала мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
«Жәдігер» қолөнершілер орталығының жетекшісі Перизат Калиханқызы бұл бағыттағы жұмыстардың аймақта жүйелі түрде жүріп жатқанын айтты.
– Атадан қалған мұрамызды қорғап қалу үшін Қарағанды облысы да бес пилоттық өңірдің қатарына енді. Біз ұмыт болып бара жатқан жәдігерлерімізді сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге атсалысып жатырмыз, – дейді Перизат Калиханқызы.
Семинар барысында өңірдегі МЕММ элементтерінің қазіргі жағдайы, мәдени құндылықтардың өңірлік картасын әзірлеу, шеберлер мен зерттеушілерді қолдау және мәдениет мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
ЮНЕСКО өкілі Рустам Музафаров өз сөзінде мәдени мұраның өміршеңдігі оның тұрақты дамуы мен ұрпақ сабақтастығына тікелей байланысты екенін атап өтті.
– Мұра өздігінен сақталмайды. Біз оны қадірлеп, зерттеп, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырғанда ғана сақтай аламыз. Қарағанды облысы бұл бағытта ұзақ жылдардан бері табысты еңбек етіп келеді, – деді сарапшы.
Семинар аясында облыстың қолөнер шеберлері әзірлеген материалдық емес мәдени мұраның номинациялық карталары көрмеге қойылды.
Айта кету керек, өткен жылы Қарағанды облысы ЮНЕСКО желісі бойынша пилоттық жобаға еніп, «Орте́ке» күйін сақтау бастамасын ұсынған болатын. Бұл бастама – Қазақстанның ұлттық мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Құрылай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»