Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының тірегі: Қарағанды облысында еңбек нарығына қажетті кадр даярлау мәселесі талқыланды
Қарағанды облысында жұмысшы мамандықтарының болашағы мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған форум өтті. Басқосу өңірдің жетекші оқу орны – Теміртау жоғары политехникалық колледжінде ұйымдастырылып, оған білім саласының өкілдері, өндіріс мамандары мен әлеуметтік серіктестер қатысты.
Форумның басты мақсаты – жұмысшы кадрлардың беделін арттыру, заманауи өндірістерге қажетті білікті мамандарды даярлау және колледждер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру болды.
– Білікті жұмысшы – экономиканың өзегі. Өңір үшін кадр даярлау ісі басым бағыттардың бірі болып табылады. Қазір жаңа мамандықтар атласы әзірленіп, техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың негізіне айналды. Алайда технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы жаңа міндеттер жүктеп отыр, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Форум барысында инновациялық жобалар мен оқу үдерісіндегі жаңа тәсілдер таныстырылды. Теміртау жоғары политехникалық колледжінде жаңа зертханалар ашылып, жақын уақытта Жасанды интеллект орталығы мен Су шаруашылығы орталығының іске қосылатыны хабарланды.
Колледждің халықаралық ынтымақтастығы да кеңейіп келеді – Қытаймен бірлесіп электромобильдер мен дрондарға қызмет көрсету орталығы құрылды. Бұл – студенттердің практикалық дағдыларын арттырып, нақты өндіріс талабына сай маман болуына жол ашады.
Форум қорытындысында қатысушылар жұмысшы мамандықтарын дамыту және кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар қамтылған қарар қабылдады.
Шара соңында техникалық және кәсіптік білім беру саласында үздік нәтиже көрсеткен педагогтар мен әлеуметтік серіктестер марапатталды.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

