Қолма-қол ақша айналымына жаңа шектеулер енгізіледі
2026 жылдың қаңтарынан бастап елімізде қолма-қол ақша алу тәртібі өзгереді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, банктер енді ірі көлемдегі қаражатты қолма-қол беруге шектеу қояды. Бұл – көлеңкелі экономиканы азайту және қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шара.
Жаңа тәртіпке сай, кәсіпкерлер банктегі шоттарынан көп мөлшерде ақша шешіп алу үшін арнайы өтініш жазып, қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс. Сонымен қатар, олар өз мәліметтерінің Мемлекеттік кірістер органына жолдануына келісім береді.
Салық органдары берілген ақпаратты қарап, банкке қорытынды жауап жібереді. Сол жауаптың негізінде банк ақшаны беруге немесе бермеуге шешім қабылдайды. Егер банк қолма-қол ақша беруден бас тартса, бұл шешімге шағымдану мүмкін болмайды.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама бизнестегі көлеңкелі айналымды азайтып, салық төлеу тәртібін қатаң бақылауға мүмкіндік береді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

