Домофонға төлем жасау қаншалықты заңды?

Тетікті басқаны үшін теңге төлеп отырмыз ба? Бұл домофон құрылғысына қатысты көпті толғандыратын сауал. Дүдәмал даулы мәселені жақында өткен алқалы жиындардың бірінде Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қозғады. Онда қала басшысы домофон компаниялары тұрғындардан абоненттік төлемді заңсыз талап ететінін мәлімдеді. Монополияға қарсы комитеттің тексеру нәтижелері де осындай тұжырымда.

Бұл мәселе қалада бірінші жыл талқыға түсіп жатқан жоқ, бірақ төлем жүйесі сол күйі өзгеріссіз қалуда. Бұл қаншалықты заңды деген сауал көп көкейінде жауапсыз қалуда. Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде «Домофон үшін ай сайын ақы төлеудің қажеті жоқ, ол міндетті коммуналдық қызметтер тізбесіне кірмейді», — деді. Монополияға қарсы комитет те тұрғындармен домофон компаниясы арасындағы құқықтық қатынастар домофон орнатылып, ортақ құрылғы пайдалануға берілгеннен кейін тоқтатылады деген пікірде. Егер жүйе істен шықса, онда қызмет көрсететін компания оны белгілі бір ақыға жөндейді. Абоненттік төлемді талап ету заңсыз болып табылады. Мұндай мәлімдемеге осымен бірнеше жыл уақыт бойы айтылуда, бірақ уәж айтылған күйінде қалып, жұмыс жүргізілмеуде. Нәтижесінде тұтынушы бүгінгі күнге дейін даулы тұтқа үшін ақы төлеп келеді. Мысалы, Қазақстанның бірнеше облыстарында бұған дейін монополияға қарсы департамент қатаң әрекет жасаған. Онда домофон компаниялары орнатылған домофонды үй тұрғындарының — жалпыүйлік мүліктің заңды иелерінің балансына бермейді деп мәлімдеді. Абоненттердің төлеп отырған ақшалары қымбат кеңселерді, пайдасы жоқ штатты ұстауға және басқа да негізсіз мақсаттарға жұмсалып отыр. Монополияға қарсы орган 30 күнтізбелік күн ішінде орындалуға жататын монополияға қарсы ден қою актісін енгізді және осымен мәселені шешу тоқтап қалды.

Әкімдікте өткен талқылау жиынына тұтынушылардың құқықтарын қорғаушылар арнайы шақыртылды. Отырыс барысында заңгер домофондық компаниялардың бірқатар заң бұзушылықтарын атап өтті. Ал олар өз кезегінде абоненттік төлемді бұрынғыдай жинау бойынша өз құқығын қорғады.

«Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Жасұлан Аймағамбетов тұтынушымен шарт жасасуда таңдау болуы керек дегенді түсіндірді.

Сіз егер бір шартта екі ұстанымды көрсететін келісім жасасаңыз дұрыс болар еді. Оның бірінші бөлігінде абоненттік төлем, екіншісінде бір реттік қызмет көрсетуге мүмкіндік берілсе. Өйткені, тұтынушы бұл келісімшартты көрген кезде, олар біздің тараптан тек қана таңдау бергенімізді, оның таңдауы жоқ екенін айтпас үшін жасалады. Ол болса, таңдауға мүмкіндік беріп отырғанын айтады, — дейді.

Даулы мәселеге қатысты қала тұрғындарының да пікірі сан түрлі. Дегенмен әлеуметтік желідегі жұрт пікірінің басым бөлігі компания әрекеті дұрыс емес дегенге саяды. Ресейде домофондық құрылғы үшін ай сайынғы төлем жоқ, біздегі домофондар несімен ерекше дегендер де бар. Қайсыбір тұтынушылар тарифті төмендетсе ай сайынғы төлемге де келісер едік дейді. Енді бірі есептелетін төлемдердің айқындығын көруді қалайды. Ең бір түсінбейтін тұсы компаниялар домофонның тұтқасын тұтынбайтындарға да қызмет ақысын есептеп, көрсетуі. Көп жағдайда тұрғындар домофон тұтқасын орнатуға құлшыныс білдіре бермейді. Кілтін алса жеткілікті дегендер, шектен тыс тетікті басып, мазаны алушылар қажытатынын айтады. Қалай болғанда да тұтынушы үшін « тұтқалы қызметтен» түбегейлі бас тарту мүмкін болмай тұр.

Адамдарға не үшін және қалай төлеу керектігін нақты түсіну үшін мәселені шешу қажет. Егер ол ай сайын төлеуге келіссе, онда оның өз еркі. Егер тұтынушы жоқ десе, егер ол бұзылса, тағы бір жағдайлар болса біз жөндеу үшін қызметкерді шақырамыз десе, онда ол мүлдем бөлек әңгіме. Яғни, адамдардың таңдау құқығы болуы керек, кез келген қызмет тұтынушыға заңды, адал ұсынылуы керек,- деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ

QH.