Тұрғын үй төлеміндегі жаңа ереже: әділет пе, ауыртпалық па?
Енді көпқабатты үйлерді күтіп-ұстау тарифі жыл сайынғы инфляциямен бірге өсетін болды. Бұған дейін тарифті көтеру үшін мәслихат депутаттарының келісімі қажет болса, қазір ол айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланды. Яғни АЕК артқан сайын, тұрғындар төлейтін төлем де автоматты түрде көтеріледі.
Бұл өзгерістің мақсаты – үйлерді уақытылы жөндеп, көп жылдан бері қордаланған мәселелерді шешу. Алайда, жаңа ереже тұрғындардың бәрін бірдей қуанта қойған жоқ.
Қарағанды тәжірибесі: жоғары тариф – нақты нәтиже ме?
Қарағандыдағы 16 қабатты бір үйде тариф шаршы метріне 78 теңгеден бекітілген. 50 шаршы метр пәтердің иесі ай сайын шамамен 4 мың теңге төлейді. Бұл ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.
Соған қарамастан, мүлік иелері бірлестігі (МИБ) өкілдері мұндай тарифтің тиімділігін дәлелдеп отыр.
«Барлығы ең төмен төлем жасағысы келеді, бірақ бәрін де толық жасалсын дейді. Алайда олай болмайды. Дұрыс тарифтің арқасында біз ұзақ жылдар бойы шешілмеген мәселелерді қолға ала алдық» дейді Қарағанды облысының тұрғын үй қорын басқару және күтіп ұстау қауымдастығының басшысы Людмила Галюкевич.
Оның айтуынша, әр үйге жеке тариф қажет, өйткені әр ғимараттың жағдайы мен қажеттілігі әртүрлі.
Халық пікірі: «Үйді күту керек, бірақ қалта көтермейді»
Жаңа ережені тұрғындар екіұдай қабылдауда. Зейнеткерлер мен табысы төмен азаматтар үшін бұл шешім ауыр тиетіні анық.
Кейбір тұрғын тарифтің өсуіне үзілді-кесілді қарсы:
«Үйге қызмет көрсетіліп жатыр деп айта алмаймын. Ақша жиналады, бірақ нәтиже көрінбейді. Бұл қаражат қайда кетіп жатыр – белгісіз» дейді қала тұрғыны.
Ал енді бір бөлігі керісінше:
«Үйді күтіп-ұстау керек. Жылу жүйесін де, басқа жұмыстарды да өзіміздің қаражатымызға істетіп жатырмыз. Сондықтан төлеуге дайынбыз» деген пікір білдірді.
Заңгер пікірі: бақылау күшейеді, сотқа жүгінушілер артады
Адвокат Илья Махлов жаңа жүйенің екі қыры бар екенін атап өтті.
«Сотқа шағымдар көбейеді, өйткені тұрғындар тарифтің өсуіне қарсы болары анық. Бірақ сонымен бірге МИБ жұмысына бақылау артады. Бұл орган сайланбалы болғандықтан, тұрғындар төрағаны немесе қызметкерлерді талапқа сай жұмыс істемеген жағдайда алмастыра алады» дейді заңгер.
Сарапшылар не дейді?
Экономистердің пікірінше, тарифтің АЕК-ке байлануы нарықтық тетікті қалыптастырады. Бұл басқарушы компанияларға да, тұрғындарға да нақты жоспар құруға мүмкіндік береді. Алайда тарифтердің автоматты түрде өсуі халықтың сенімін төмендетуі мүмкін.
Әлеуметтік қолдау тетіктері бар
Әлеуметтік әлсіз топтар үшін тұрғын үй төлемін өтеу мақсатында атаулы көмек пен тұрғын үй жәрдемақысы қарастырылған. Дегенмен бұл көмектің барлығы құжат рәсімдеудегі қиындықтар мен бюрократиялық кедергілерге байланысты бәріне бірдей қолжетімді емес.
Жаңа ереже – тұрғын үйді күтіп-ұстауды жүйелеуге бағытталған қадам. Дегенмен ол халықтың әлеуметтік жағдайына қосымша салмақ түсіретіні сөзсіз. Ендігі мәселе – жиналған қаражаттың әр тиынының ашық әрі тиімді жұмсалуында. Егер МИБ жұмысы қатаң бақылауда болса, тарифтің жыл сайын өсуі үйлердің жағдайын шынымен жақсартуы мүмкін. Ал егер бақылау әлсіресе, тұрғындардың сенімсіздігі одан әрі арта түспек.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»